Accessibility links

Түркістандағы мектептің экс-директорының үкімі өзгермеді


Молда Мұса атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Света Ысқақова. Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласы, 5 қазан 2016 жыл.
Молда Мұса атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Света Ысқақова. Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласы, 5 қазан 2016 жыл.

31 қаңтар күні Оңтүстік Қазақстан облыстық соты Түркістандағы Молда Мұса мектебінің мұғалімі Света Ысқақованың мектеп директоры Гүлнәр Нахипбекованың үстінен түсірген апелляциялық шағымын қарап, оны қанағаттандырмады.

2016 жылы желтоқсанның 27-сінде Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қалалық соты «мұғалімдерден пара алу кезінде ұсталған» Гүлнәр Нахипбекованы «алаяқтық жасады» және «пара берді» деген айыптар бойынша кінәлі деп таныған. Сот айыпталушыны өмір бойы мектеп директоры қызметін атқара алмайтындай етіп жазалаған. Сот мектеп мұғалімдері үстінен «пара сұрады, ақша жинатты» деп арыз жазған бұрынғы директорға 2 миллион теңгеден астам айыпрұл салған. Жәбірленуші ретінде осы мектептің мұғалімдері Света Ысқақова, Жәудір Алтыбай мен Айнұр Шериева танылған. Света Ысқақова соттың бұл шешімімен келіспей қаңтардың 6-сы күні апелляциялық шағым түсірген.

Бүгінгі сот отырысына жәбірленуші Света Ысқақова, айыпталушы Гүлнәр Нахипбекова мен оның адвокаты Амантай Сыздықов және прокурор Жүнісов қатысты. Істі үш судъядан тұратын сот алқасы қарады.

Жәбірленуші Света Ысқақова өз сөзінде тергеу барысында екі адамның – мектеп директорының орынбасарларыныңісі қысқарғанын, іс дұрыс тергелмегенін, мектеп директорына дұрыс жаза тағайындалмағанын, Түркістан қалалық сотының үкімімен келіспейтінін айтты.

«Қылмысты үшеуі бірдей жасады. Ендеше мемлекеттік қызметтен неге үшеуі бірдей шеттетілмейді?» деді ол.

Гүлнәр Нахипбекованың адвокаты Амантай Сыздықовтың айтуынша, «жәбірленуші директордан бөлек тағы екі адам жазаға тартылуы керек дейтін болса, тергеу орындарына арыздану керек».

«Біз Түркістан қалалық сотының үкімімен келісеміз. Үкім өзгеріссіз қалдырылсын» деді ол сот алқасына.

Мектеп директоры Гүлнәр Нахипбекова қорғаушысының сөзімен толық келісетінін хабарлады.

«Мен соттың үкімімен толық келісіп отырмын. Егер олар арызын тоқтатса, сот үкімін бір айдың ішінде орындаймын» деді ол Азаттыққа.

Сот процесінде прокурор айыпталушының «бұрын сотты болмағанын, отбасылық жағдайын ескеріп», Түркістан қалалық сотының үкімін өзгеріссіз қалдыруды сұрады.

Ақылдасу бөлмесіне кіріп шыққан сот алқасының шешімін судья Талғат Оңғарбаев оқыды. «Апелляциялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын» деді ол.

Жәбірленуші Света Ысқақова мектеп директорының орынбасарлары Меруерт Отарбаева мен Ләззат Ахметованың ісі бойынша қайта тергеу жүргізуді сұрап прокуратураға шағымданатынын, ал мектеп директорының үстінен жоғарғы сотқа арыз түсіретінін мәлімдеді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің Түркістан аймағы бойынша ауданаралық басқармасы қыркүйектің 19-ында Молда Мұса атындағы жалпы орта мектептің мұғалімдері Света Ысқақова, Жәудір Алтыбай, Айнұр Шериевадан арыз түскенін хабарлаған. Бюро «қыркүйектің 22-сі күні мектеп директорына 80 мың теңге пара берілгені видеомен құжаттандырылғанын» айтқан. Желтоқсанның 27-сінде Түркістан қалалық соты Гүлнәр Нахипбекованы «алаяқтық жасады» және «пара берді» деген негізгі айыптар бойынша кінәлі деп танылған. Сот Нахипбекованы Қылмыстық кодекстің төрт бабында (24-3, 190-3-2, 28-4 және 367-1) көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп шешім шығарып, қызметінен аластаған.

XS
SM
MD
LG