Accessibility links

"Трибуна. Саяси Қалам" газетінің тиражы кешігіп жатыр


"Трибуна" газетінің ақпанның 1-і күні шығуы тиіс болған санының бірінші беті. Алматы, 1 ақпан 2017 жыл.
"Трибуна" газетінің ақпанның 1-і күні шығуы тиіс болған санының бірінші беті. Алматы, 1 ақпан 2017 жыл.

Қаңтардың 31-і күні әлеуметтік желілерде «Трибуна. Саяси Қалам» республикалық саяси газетінің бас редакторы міндетін атқарушы Жанболат Мамайдың «Бизнес-Информ» типографиясы газетті басудан бас тартқанын хабарлаған видеосы тарады. Ақпанның 1-і күні таңертең тарауы тиіс газет тиражы басылмай қалған.

- Газеттің басылмағаны рас, қазір қайтадан типография бастығымен келіссөз жүргізіп жатырмыз, - деді Азаттыққа Жанболат Мамай.

Ол типографияның бұл әрекетін «саяси тапсырыс» деп болжайды. «Бес жыл басылып келеміз, мұндай болған емес» деген Мамай «типография талаптары болса, айтуы керек қой» деп наразы.

- Тираж ақшасы төленіп қойған. Соңғы нөмірде ұлттық қауіпсіздік комитеті басшысы Кәрім Мәсімов туралы мақала бар, конституциялық реформа сыналады. Соған байланысты ма деп отырмыз, - дейді ол.

Ал «Бизнес-Информ» типографиясы директоры Наталья Баева «газеттің типография алдында үлкен қарызы бар» екенін айтады.

- Олардың қарызы үлкен. Типография бұдан ары соза алмайды. Олар [осы тираж] ақшасын төлегенімен, бұрынғы қарыздары үлкен. Біз өз ақшамызға қағаз, бояу ала алмаймыз - деді ол.

«Әділ сөз» баспасөзді қорғау ұйымы басшысы Тамара Калеева газет журналисі Инга Иманбайдың «тираждың бүгін басылуы мүмкін екенін» хабарлағанын айтты. Калееваның ойынша, газетке тираж кешігуіне байланысты санкция салынбауы тиіс.

- Газет бүгін тарауы керек. Кестеге үлгереді. БАҚ туралы заңда кезеңнің сақталуы ғана жазылған, дүйсенбі, сейсенбі әлде сәрсенбі бола ма – шықса болды. Бұл - апталық газет, апта ішінде шықса болды, - деді ол.

Қайыра хабарласқанда Жанболат Мамай қарыз көлемінің "800 мың теңге" екенін айтып, "қазір қаражат іздеп жатқандарын" хабарлады.

- Кішігірім қарыз болады, бір-екі нөмірге. Бізге звондап үнемі "ертең осынша сома әкелесіңдер, сосын басамын" деп айтып отыратын. Кеше мүлде жоғалып кетті, ақша керек болса, звондағанда трубканы көтеріп айтады ғой. Мұны типография басшысының жеке шешімі деп ойламаймын, бұл биліктің емеуріні ме деп ойлаймын, - дейді ол.

13 мың тиражбен шығуы тиіс, өзін оппозициялық санайтын «Трибуна. Саяси Қалам» газеті әзірге басылмай тұр. Түс қайта Жанболат Мамай хабарлаған ақпаратқа қарағанда, типография өкілдері газетті басуды 15:00-де бастайтындарын айтқан.

XS
SM
MD
LG