Қазақстандағы "Трибуна. Саяси қалам" басылымының кезекті саны баспаханадан сәрсенбі күні тәуліктің екінші жартысында басылып шыға бастады. Бұл туралы Азаттыққа басылымының бас редакторы міндетін атқарушы Жанболат Мамай хабарлады.
- Бүгін түстен кейін редакция берешек ақшаның бір бөлігін төлеген соң баспахана газетті басып шығаруға кірісті. Газет қазір аймақтарға жіберіледі, бөлшек саудаға бейсенбіде түседі деп отырмыз, - деді ол.
"Трибуна. Саяси қалам" тәуелсіз газетінің кезекті саны сәрсенбі күні таңертең баспаханадан шықпай қалған соң Мамай "ол саяси себептермен байланысты" деп мәлімдеген еді. Оның сөзінше, газет бұл жолғы санында кейбір жоғары лауазымды шенеуніктер мен Қазақстанда билік жариялаған саяси реформаларға қатысты сыни мақалалар берген.
Алматыдағы "Бизнес-Информ" баспаханасы басшылығы "саяси астар" туралы мәлімдемені жоққа шығарды. Баспахана директоры Наталья Баева "редакция баспаханаға ақша берешек болғандықтан газет мерзімінде шықпады" деп түсіндірді.
"Трибуна. Саяси қалам" тәуелсіз газеті редакциясының мәліметі бойынша, басылым таралымы - 13 мың дана.