Орал қалалық сотында Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының бұрынғы басшысы Мұрат Сыдықовтың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша тыңдау басталды. 56 жастағы сотталушыға мемлекеттің екі жарым миллион теңге қаржысын талан-таражға салған деген айып тағылған.
Прокурор Дәурен Ибрашевтің мәлімдеуінше, өткен жылғы көктем және жаз айларында Орал қаласы төңірегіндегі 11 қорымда қазба жұмыстарын атқарған ондаған жұмысшыға «бюджеттен бөлінген қаржының бір бөлігін Мұрат Сыдықов заңсыз иеленіп кеткен».
Тарих ғылымдарының докторы, археолог, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Мұрат Сыдықов өзіне тағылған айыпты мойындамайтыны туралы сот ісін қарап отырған судья Гүлнәр Ғимадутдиноваға мәлімдеді.
Қазба жұмыстарына тікелей жетекшілік еткен облыстық тарих және археология орталығының ғылыми қызметкері Денис Марыксиннің сотқа мәлімдеуінше, жұмысшыларға әр күнгі жұмысына төленуі тиіс екі айлық есептік көрсеткіштің (4242 теңге) орнына екі есе аз ақша төленген. Марыксиннің сөзінше, үнемделген ақшаны басшылық басқа зерттеу жұмыстарына жұмсауға уәде еткен.
Облыстық әкімдікке қарайтын тарих және археология орталығы 15 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде орталық археологтары облыс көлемінде барлығы 120-дан аса қорым аршып, екі мыңнан астам көне артефакт тапқан.