Accessibility links

Тұтқын Наталья Слекишина қамаудан босатылды


Түрмеде дүниеге келген нәрестесімен бірге бостандыққа шыққан Наталья Слекишина СИ-1 тергеу изоляторы алдында журналистерге сұхбат беріп тұр. Алматы, 3 ақпан 2017 жыл.
Түрмеде дүниеге келген нәрестесімен бірге бостандыққа шыққан Наталья Слекишина СИ-1 тергеу изоляторы алдында журналистерге сұхбат беріп тұр. Алматы, 3 ақпан 2017 жыл.

Алматыда бүгін түрмеде зорланып, бала тапқан тұтқын Наталья Слекишина қамаудан босатылды. Бұл туралы Азаттыққа Слекишинаның адвокаты Айман Омарова хабарлады. Слекишина СИ-1 тергеу абақтысында жасқа толмаған қызымен отырған.

Алматы облысының Іле аудандық соты Слекишинаның жазасын өтеуді қазір жасқа толмаған кіші қызы кәмелетке толғанға дейін 5 жылға кейінге қалдыру туралы өтінішін қанағаттандырған. 31 қаңтарда Алматы облыстық соты Слекишинаның жазасын кейін өтеуіне рұқсат берген. Адвокат бұған дейін Слекишинаны сот қаулысының толық мәтіні шығатын 2 ақпан күні босатылауы тиіс екенін хабарлаған.

Наталья Слекишина 2015 жылы қылмыстық кодекстің 192-бабы 3.2-бөлімі ("Ірi мөлшердегі мүлiктi жымқыру мақсатында жасалған қарақшылық") бойынша айыпталып, сегіз жылға сотталған. Ол қылмыстық атқару жүйесі департаментінің Алматыдағы ЛА-155/18 мекемесінде отырған кезде зорланғанын 2016 жылы жазда мәлімдеген. Ол тергеу орнында отырған кезде өзін түрменің төрт қызметкері зорлап, содан жүкті болып, бала тапқанын айтқан. Бірақ күдіктілер айыпты жоққа шығарған. Кейін сараптама нәтижесінде сәбидің әкесі түрме қызметкерлерінің бірі екені анықталған.

Айман Омарова Азаттыққа Слекишинаның бес жыл бойы сынақта болатынын айтты. Ол сонымен қатар енді Слекишинаның қылмыстық ісін "жаңа деректердің табылғанына байланысты" қайта қарау жайын қозғаумен айналысатынын айтты.

Қыркүйектің 30-ы күні Алматының Түрксіб аудандық соты түрме қызметкері Руслан Хакимовты "зорлау", "азаптау" және "билiгін немесе лауазымдық өкiлетін асыра пайдалану" бойынша айыпты деп танып, тоғыз жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарған.

XS
SM
MD
LG