АҚШ-тың Сиэтл қаласында федералдық судья жұма күні кешке қабылдаған шешімімен бұған дейін ел президенті Дональд Трамптың шығарған Құрама Штаттар аумағына жеті елдің азаматтарының келуіне уақытша тыйым салу және сириялық босқындарды мүлде қабылдамау туралы жарлығының күшін толығымен тоқтата тұруды бұйырды.
Президент жарлығының конституцияға сай еместігін айтып, Вашингтон мен Миннесота шаттарының федералдық үкіметтің үстінен берген шағымын қараған судья Джеймс Робарт шаттар осы жарлық кесірінен келген зиянды көрсетті деп жариялады. АҚШ әділет министрлігі өкілдері судьяның шығарған шешімі зерттеуді қажет ететінін алға тартып, оған қатысты комментарий беруден бас тартты. Талап иесі ретінде сотқа қатысқан Вашингтон штатының прокуроры судьяның шешімі президент жарлығына бүкіл ел көлемінде тоқтау салатындықтан, АҚШ-қа келуге уақытша тыйым салынған жеті елдің азаматтарына берілген виза күшінде болады деп мәлімдеген.
Бұдан бір апта бұрын президент жарлығы күшіне енгеннен кейін онда аталған жеті елдің екі жүзге жуық азаматы АҚШ-қа кірмек болған кезде ұсталған. Кейін олардың барлығын АҚШ-қа кіргізген. Осы елдердің АҚШ-тың иммиграциялық және одан өзге визаларын алған азаматтары ол визалардың күші жоғы туралы хабарлама алған.
Сиэтлде сот шешімі шыққанға дейін Бостон қаласының федералдық судьясы президент жарлығының күшін уақытша тоқтата туралы бұған дейін шығарған өз шешімінің күшін жойып, Трамптың жарлығы конституцияға сай деп тану туралы шешім қабылдаған. Даулы жарлыққа қатысты түпкілікті шешімді ең жоғарғы сатыдағы сот орындары анықтамақ.