Accessibility links

Григорий Явлинский президенттік кампаниясын бастамақ


Ресейлік "Яблоко" партиясының негізін қалаушы Григорий Явлинский.
Ресейлік "Яблоко" партиясының негізін қалаушы Григорий Явлинский.

Ресейдегі "Яблоко" партиясының негізін қалаушы Григорий Явлинский сенбі күні партия съезінде президенттік кампаниясын бастайтыны туралы мәлімдеген. 2018 жылы өтетін Ресей президенті сайлауына Явлинскийдің кандидатурасын ұсыну туралы шешімді партия 2016 жылы қабылдаған. Сол жылы күзде өткен Мемлекеттік дума сайлауында партия бір де бір мандатқа ие бола алмаған. Григорий Явлинский бұған дейін 1996 және 2000 жылдары президент сайлауларына кандидат болып түскен. 2012 жылы Ресей орталық сайлау комиссиясы оны президенттікке кандидат етіп тіркеуден бас тартқан.

Ресейде кезекті президент сайлауы 2018 жылы наурызда өтуі тиіс. Президент сайлауына кандидат болып түсу ниеті барын былтыр желтоқсанда ресейлік оппозиционер Алексей Навальный мәлімдеген. Қазір ол өзіне қарсы айып тағылған "Кировлес ісі" бойынша қайтадан өтіп жатқан соттың үкімін күтіп отыр. Бұған дейін Навальный сот процесіне қарамастан бүгін, ақпанның 4-і күні Санкт-Петербург қаласында өзінің алғашқы сайлауалды штабын ашуға қатысатыны туралы мәлімдеген.

Ресейдегі ЛДПР партиясы президент сайлауына өз кандидатын биыл желтоқсанда өтетін партия съезінде ұсынбақшы. Сенбі күні өткен партия съезінде ұйым жетекшілігіне қайта сайланған Владимир Жириновский сайлау науқанына қатысу ниеті барын білдіріп, «сірә, партиядан кандидат болатын шығармын» деген. Онда ол осымен алтыншы рет ЛДПР партиясынан президенттікке кандидат болып түседі.

Ресей коммунистік партиясы (КПРФ) бұған дейін төрт президент сайлауында Геннадий Зюгановті кандидат ретінде ұсынған. Биыл жыл басында "Новая газета" басылымы өз дерек көздеріне сілтеме жасап, алдағы президент сайлауында Зюгановтың жас серіктерінің бірі кандидаттыққа ұсынылып, кейін ол партия басшылығына келуі мүмкін деп жазған еді.

XS
SM
MD
LG