Украиналық әскерилердің мәлімдеуінше, Донецк облысындағы Авдеевка елді мекені маңында ресейлік әскерилер қолдауына сүйенген сепаратистер қалаға электр қуатын беруді қалпына келтіру үшін жөндеу жұмыстарын атқарып жатқан адамдарды атқылап, салдарынан жөндеу жұмыстары тоқтап қалған. Бұл туралы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Украинадағы арнайы мониторингтік миссиясы Twitter әлеуметтік желісінде хабарлаған.
Украина президентінің баспасөз хатшысы Святослав Цеголко Facebook әлеуметтік желісінде жазуынша, вице-премьер Геннадий Зубко президент Петр Порошенконы болған оқиға жайлы хабардар еткен.
ЕҚЫҰ Ресейді Авдеевка түбіндегі зақымданған электр желісі орналасқан ауданда атысты тоқтату режимін дереу қалпына келтіруге шақырған. Ресей тарабы бұған дейін бірлескен бақылау және үйлестіру орталығында оқ атпау режимі сақталатыны туралы жазбаша кепілдік берген.
Шығыс Украинадағы сепаратистерге қарсы операция штабының мәліметі бойынша, өткен тәулікте украиналық үш сарбаз қаза тауып, жетеуі жараланған. Донецк және Мариуполь бағыттары бойынша ресейшіл сепаратистердің (арасында ауыр қаруды да қолданып) 115 рет атқылағаны тіркелген.
Бұған дейін сенбі күні Шығыс Украинадағы өзін өзі жариялап алған «Луганск халық республикасы» «халық милициясының» бастығы Олег Анащенконың көлігі минаға жарылып, оның мерт болғаны туралы ақпарат тараған.