Accessibility links

Трамп пен Порошенко телефонмен сөйлесті


АҚШ пен Украина тулары. (Көрнекі сурет.)
АҚШ пен Украина тулары. (Көрнекі сурет.)

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Петр Порошенко телефон арқылы сөйлесті.

Ақ үйдің хабарлауынша, әңгіме барысында Трамп Порошенконы Украинаның Ресеймен шекаралас аймағында бейбітшілікті қалпына келтіру жөніндегі күш-жігерін қолдаудан Вашингтон танбайды деп сендірген. АҚШ Украинамен, Ресеймен және бейбітшілікті қалпына келтіруге көмектесетін кез келген елмен "жұмыс істейтінін" мәлімдеген. Сонымен бірге Трамп пен Порошенко халықаралық мәселелерді де талқылап, Ливиядағы жағдай, Еуропадағы мигранттар мәселесі, мамыр айына жоспарланған «үлкен жетіліктің» Италиядағы саммиті туралы пікір алмасқан. Ақ үйдің мәлімдемесінде екі ел басшылары «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы мен өзге де террорлық ұйымдарға қарсы күресте ынтымақтасуға әзір екендерін білдіргені айтылған. Екі президент жақын болашақта өзара кездесу өткізу мүмкіндігі жайлы да сөйлескен.

Президент Порошенконың кеңсесі АҚШ басшысымен өткен телефон әңгімесі туралы хабарламасында екі президенттің Украинаның шығыс аймағындағы соғыс отын толықтай дереу тоқтату қажет деп санайтыны туралы айтылған. Порошенко Украинаның егемендігі мен территориясының тұтастығына қолдау білдіргені үшін Трампқа алғысын жеткізген.

АҚШ пен Украина президенттерінің телефон әңгімесі Донбаста украиналық әскерилер мен ресейшіл сепаратистер арасындағы қарулы жанжал қайтадан өршіп, жағдай шиеленісіп кеткен уақытқа дөп келген. Соңғы бір аптаның ішінде жанжал аймағында кемінде 35 адам қаза тапқан.

XS
SM
MD
LG