Accessibility links

Астанада Сирия жөніндегі "техникалық" кездесу өтпек


БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы өкілі Стаффан де Мистура. Астана, 23 қаңтар 2017 жыл.
БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы өкілі Стаффан де Мистура. Астана, 23 қаңтар 2017 жыл.

Сирия жанжалын реттеу бойынша техникалық кездесуге қатысушылар бүгін Астанада алдын ала кеңесулер өткізіп жатыр деп хабарлады Интерфакс-Қазақстан агенттігі. Ертең Астанада Сирия бойынша бірлескен жедел топтың отырысын өткізу жоспарланған. Иран, Ресей және Түркия делегациялары мен БҰҰ өкілі өткен жылғы желтоқсанның 29-ы күні жасалған келісімге сәйкес орнаған бейбітшілік тәртібін бақылауға қатысты мәселелерді талқылауға жиналмақ.

Бұған дейін қаңтардың 23-24 күндері Астанада өткен келіссөздер қорытындысы бойынша Иран, Ресей және Түркия ресми өкілдері Сириядағы атысты тоқтату тәртібін қадағалаудың механизмін құру туралы келіскен. Бірақ олар Сирияда алты жыл бойы жалғасып келе жатқан азамат соғысын саяси реттеу бағытында нәтижеге қол жеткізе алмаған еді. Мәскеу мен Тегеран президент Башар Асад үкіметіне, ал Анкара Асад билігіне қарсы күресіп жатқан оппозиция күштерінің бір бөлігіне қолдау білдіреді. Астанада қаңтарда өткен Сирия үкіметі өкілдерімен жанама келіссөздерге қатысқан Сирия оппозициясы сол жолы кездесуге қатысушылардың қорытынды мәлімдемесі көңілдерінен шықпайтынын айтқан.

Женевадағы Сирия бойынша бейбіт келіссөздердің жаңа кезеңі кезекті рет кейінге қалды. Ақпанның 1-і күні БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы өкілі Стаффан де Мистура келіссөздердің екі аптаға кейінге шегерілгені туралы хабарлап, бұл уақыт Сирия үкіметіне қойылған кейбір шарттарға қатысты ойланып-толғануға, ал оппозицияға бірлескен делегация құруға мүмкіндік береді деп санайтынын айтқан.

Сирия жанжалын реттеу бойынша Женевадағы келіссөздер бұның алдында 2016 жылғы сәуірде өткен.

XS
SM
MD
LG