Accessibility links

Ауғанстан мен Пәкістанда қалың қар мен суықтан ондаған адам құрбан болды


Қарда жалаңаяқ кетіп бара жатқан ауғандық тұрғындар. Ауғанстан, Мазар-и-Шариф, қараша 2016 жыл (Көрнекі сурет).
Қарда жалаңаяқ кетіп бара жатқан ауғандық тұрғындар. Ауғанстан, Мазар-и-Шариф, қараша 2016 жыл (Көрнекі сурет).

Ауғанстан мен Пәкістанның бірнеше аймағында 5 ақпанда қалың қардан ондаған адам қаза тауып, үлкен жолдар жабылды. Ауғанстанның табиғи апаттар салдарын жою қызметінің өкілі Омар Мохаммадидің айтуынша, өткен үш тәулікте 25 уәлаятта қалың қар мен суықтан, жаңбыр мен көшкіннен 100-ден астам қаза тауып, 16 адам жараланған.

Ауғанстан астанасы Кабулға да қалың қар түсіп, кейбір үкіметтік мекемелер жабылған. Ауғанстанның солтүстігіндегі Бадахшан уәлаяты губернаторының ресми өкілі Навед Фротан үкіметтің қатынас мүлдем үзілген 12 ауданға жету жұмыстарын атқарып жатқанын айтты. Бұл уәлаятта көшкіннен кем дегенде 19 адам қаза тауып, 17 адам жараланған, үйлердің шатырлары қирап, жол-көлік апаттары көбейген.

Пәкістанның солтүстігіндегі Читрал провинциясымен шекарада қар көшкінінен кем дегенде тоғыз адам мерт болып, қираған үйлердің астында 14 адам қалып қойған. Газни уәлаяты губернаторының ресми өкілі Жавид Салангидің сөзінше, полиция мен әскерилер Кабул-Кандагар жолында қар құрсауында қалып қойған 250-ге тарта көлікті шығарған. Ауғанстанның солтүстігін орталығымен жалғайтын және биік тауларды кесіп өтетін Саланг магистралді жолы да жабылған.

Ауғанстан үкіметі осыған байланысты елде жалпыұлттық демалыс жариялады. Кабулдың халықаралық әуежайы да уақытша жабылды.

XS
SM
MD
LG