Accessibility links

Атырау соты өз-өзін өртеген әйелді үйқамаққа шығармады


Атырау облыстық прокуратурасы жанында өз-өзін өртемек болған әйел Ләйла Смадьярова сот залында отыр. Атырау, 6 ақпан 2017 жыл.
Атырау облыстық прокуратурасы жанында өз-өзін өртемек болған әйел Ләйла Смадьярова сот залында отыр. Атырау, 6 ақпан 2017 жыл.

Атырау қалалық №2 соты бүгін облыстық прокуратура алдында өзін өзі өртеген бұрынғы прокурор көмекшісі Ләйла Смадьярованы қамауда қалдырды деп хабарлады Азаттық тілшісі. Оң жақ тізесіне дәке таңылған, әрең жүретін Смадьярованы сот процесіне конвоймен алып келді. Істі судья Эльмира Ойқұлова адвокаттың бұдан өзге бірнеше өтінішін де қанағаттандырмады.

2 ақпанда судья Ойқұлова прокурордың Смадьяроваға бұлтартпау шарасын қолдану туралы шағымын қанағаттандырып, Смадьярованы 2 айға қамауға шешім шығарған. Смадьярова 3 ақпанда Атырау облыстық ауруханасынан тұтқынға алынып, СИЗО-ға жөнелтілгені хабарланған еді. Бірақ бүгін оның денсаулығына байланысты ауруханада арнайы палатада жатқаны және оған күзет қойылғаны белгілі болды.

Адвокаты Игорь Вранчев бүгін халықаралық пактілерге сүйеніп Смадьярованы денсаулығына байланысты қамауда бола алмайтынын айтып, оны үйқамақта қалдыру туралы өтініш берді. Бірақ прокурор Смадьярованы бұлтартпау шарасын өзгертуге ешқандай негіз жоғын айтып, қамауда қалдыруды сұрады.

Ләйла Смадьярованың адвокаттары Игорь Вранчев (сол жақта) пен Жайдар Раушанов. Атырау, 6 ақпан 2017 жыл
Ләйла Смадьярованың адвокаттары Игорь Вранчев (сол жақта) пен Жайдар Раушанов. Атырау, 6 ақпан 2017 жыл

Бұдан соң Смадьяроваға сөз берілді. Ол өз-өзін елдің назарын аударту үшін өртемегенін, "расымен өлгісі келгенін" айтты. Ол судьяға онсыз да өзі мен қорғаушыларының кез-келген өтінішін қанағаттандырудан бас тартуға "дайын отырғанын" айтып, оған өзінің пікірінің қаншалықты мәні барын сұрады. Тараптардың пікірлерін тыңдаған судья Смадьярованы үйқамаққа шығару өтінішін де қанағаттандырмады. Судья бұған қоса дәрігердің Смадьярованың денсаулығы салыстырмалы түрде тұрақталды деген тұжымырын да ескергенін айтты. Бірақ Вранчев оның тек өз-өзіне келгенін, дегенмен өзін әлі нашар сезінетінін, бір аяғы жаралы екенін айтты.

Адвокат Вранчев сонымен қатар бүгін Смадьярованың өзін-өзі өртеген кезінде "кездейсоқ көшеде кетіп бара жатып оны сөндіруге көмектескен, оқиғаны көзімен көрген адамды" куәлік беруге шақыруды да сұрады. Бірақ судья ол өтінішті де қанағаттандырмады.

Бұдан соң адвокат Вранчев судья Ойқұловаға қарсылық білдірді. Судья кеңесу бөлмесіне шығып кетті.

Смадьярова 2016 жылдың тамызында жұмыстан шеттетіліп, үй қамаққа алынған. Ол "пара алу" айыбы бойынша күдікті саналып отыр.

XS
SM
MD
LG