Ауғанстанда қалың қар мен қар көшкінінен қаза тапқандар саны кем дегенде 119 адамға жетті. Билік өкілдері кейбір аудандарда қардың қалыңдығы екі метрге дейін жететінін, алыс аудандарға жол ашу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтады.
Ауғанстанның төтенше жағдайлар жөніндегі министрі Ваис Ахмад Бармак елдің 34 уәлаятының 22-сінде көшкіннен соңғы үш күнде кем дегенде 89 адам жараланып, 190-дай үй қирағанын хабарлады. Қар құрсауында қалған аудандарға баратын жолды қар басып қалғандықтан зардап шеккендер мен қираған үйлер саны артуы мүмкін. "Кейбір аудандарда үйінділер астында әлі де адамдар қалып қойған болуы мүмкін деген қауіп бар" дейді ол.
Адам шығыны көбінесе Пәкістанның Нуристан провинциясымен шекаралас, қар басып қалған екі елді мекенде болған. Ауған билігі 5 ақпанды қалың қар түсуіне байланысты демалыс күні деп жариялаған.
БҰҰ Ауғанстанға көмек ұсынды. БҰҰ-ның Ауғанстанға гуманитарлық миссиясын үйлестіруші Марк Боуден ауған үкіметі табиғат апатына қысқа уақыт аралығында қарсы шаралар жасай алғанын мәлімдеді.