Алматыда өтіп жатқан қысқы универсиадада бүгін Қазақстан биатлоншысы Галина Вишневская масс-старт жарысында алтын иеленді.
Ол 12,5 километрді 36:15 минутта жүріп өтті және ату кезінде жиырма нысананың біреуінде ғана қателік жіберді.
Күміс алған украиналық Яна Бондарь мәреге Вишневскаядан бір минут кешігіп келді. Қола жүлдені ресейлік Лариса Куклина иеленді.
Вишневская бұған дейін универсиадада спринтте алтын, жекелей жарыс пен эстафетада күміс медаль иеленген.
Қазақстан қазір 11 алтын, 6 күміс, 11 қола медальмен жалпы есепте екінші орында тұр. Бірінші орында 23 алтынмен Ресей тұр.
Универсиаданың жабылу салтанаты 8 ақпан күні Астана уақыты бойынша сағат 19:30-да өтеді.