Accessibility links

AI: Дамаскідегі әскери түрмеде 13 мың адам дарға асылған


Сирия үкіметі Дамаск түбіндегі әскери түрмеде кем дегенде 13 мың адамды дарға асып, тұтқындарды жүйелі түрде азаптаған деп мәлімдеді бүгін Amnesty International (AI) құқық қорғау ұйымы.

Amnesty International-дің мәліметінше, "қасапхана" аталып кеткен "Седнайя" түрмесінде 2011 жылдан 2015 жылға дейінгі аралықта апта сайын 20-50 адамға дейін дарға асылып отырған. Ұйым мағлұматына қарағанда, Сирияда үкіметке қарсы толқулар азаматтық соғысқа ұласқан соңғы төрт жылда "Седнайяда" бес мыңнан 13 мыңға дейін адамға өлім жазасы орындалған.

AI бұл түрмеде өлім жазасы әлі де орындалатынын және оның әскери қылмысқа жататынын айтады. Ұйым БҰҰ-ны Сириядағы өлім жазасын тексеруге шақырды.

"Құрбандардың көпшілігі - үкіметке қарсы шықты деп айыпталған бейбіт тұрғындар. "Седнайядағы" өзге тұтқындардың көпшілігін бірнеше рет азапталып, азық-түлік, су, дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтен айырылған соң өлтіріп отырған" делінеді ұйым есебінде.

Арасында үкіметке адалдық танытпады деген күдікке ілінген бұрынғы әскерилер бар, толқуға қатысқаны үшін ұсталған тұтқындарға кінәсін көп жағдайда күштеп мойнына іліп, әскери сот әділетсіз түрде соттаған дейді AI.

Ұйым есебінде өлім жазалары құпия түрде орындалғаны, тұтқындардың мәйіттерін Дамаск маңына топтап көме салып, оны құрбандардың туыстарынан жасырғаны айтылады.

XS
SM
MD
LG