Accessibility links

Қазақстан шорт-трек құрамасы универсиадада алтынсыз қалды


Алматыда өтіп жатқан универсиадада Қазақстанның шорт-тректен ерлер құрамасы 5000 метрлік эстафетада қола медаль алды.

Финалда Қазақстан құрамасы қарсыластарының алдында келе жатқан. Мәреге 50 метр қалғанда Оңтүстік Корея спортшысы тайып құлап, Қазақстан спортшысы Абзал Ажғалиевты да шалып кетті. Осыдан кейін Қазақстан мен Оңтүстік Кореядан кейін келе жатқан Қытай мен Ресей мәре сызығын бірінші қиды. Кейін төрешілер шешімімен Оңтүстік Корея құрамасы жарыстан шеттетілді де Қытайға алтын, Ресейге күміс, Қазақстанға қола медаль берілді.

Жарыстан кейін Абзал Ажғалиев "Оңтүстік Корея спортшысы мені шалып кетпегенде эстафетада алтын алар едік" деді.

Қазақстан құрамасының бас бапкері Мәдіғали Қарсақбаев шорт-тректен жарыс өткен кешенде мұздың өте лас болғанын да айтады

- Залдың шатыры өте шаң. Микрофоннан қатты музыка, дауыс шыққанда шатырдағы шаңдар мұзға түсіп жатты. Жарыс басталып кеткендіктен тазалау кеш болды, - деді құрама жаттықтырушысы.

Шорт-тректен Қазақстан әйелдер құрамасы 3000 метрде Оңтүстік Корея мен Қытайдан кейін қола медаль иеленді.

Қазақстан шорт-трек құрамасы Алматыдағы универсиадада бір күміс, бес қоламен шектелді. Оңтүстік Корея алты, Қытай үш алтынды алды.

XS
SM
MD
LG