Accessibility links

Меркель Путинді Донбастағы қақтығысты тоқтатуға көмектесуге шақырды


Ангела Меркель, Германия канцлері.
Ангела Меркель, Германия канцлері.

Германия канцлері Ангела Меркель Ресей президенті Владимир Путинді Украина шығысындағы қақтығысты тоқтатуға ықпал етуге шақырды. Германия үкіметінің өкілі Стефан Зайберттің хабарлауынша, Меркель мен Путин телефонмен сөйлесіп, "бітім орнату үшін жаңа күш-жігер қажетіне" келіскен және сыртқы істер министрлері мен олардың кеңесшілеріне "тығыз байланыс орнатуға" тапсырма берген.

Украина әскерилері мен сепаратистер Украинаның шығысында таяуда қақтығыстың қайта басталғанына бір-бірін айыптайды. Кремль Меркель мен Путиннің "адам шығыны болған қарулы қақтығыстың шиеленісуімен байланысты маңызды мәселелерді талқылағанын" хабарлады.

Ангела Меркель мен Франция президенті Франсуа Олланд соңғы екі жылда Донбастағы қақтығысты 2015 жылы ақпанда Минскіде жасалған бейбіт келісімді орындату арқылы тоқтатқысы келеді. Бірақ соғысушы тараптар келісім шарттарын орындамайды. АҚШ, Еуропа Одағы мен Батыстың өзге де елдері Ресейге Украинадағы сепаратистерге қолдау көрсеткені үшін санкциялар салған. Қақтығыс Ресей 2014 жылы наурызда Украинадан Қырым түбегін аннексиялап алғаннан бір айдан соң басталған.

XS
SM
MD
LG