Accessibility links

Молдова президенті НАТО-ны байланыс орнатуда "асықпауға" шақырды


Игорь Додон, Молдова президенті.
Игорь Додон, Молдова президенті.

Молдованың ресейшіл президенті Игорь Додон НАТО-ны Молдовамен барынша тығыз байланыс орнатуда және Кишиневте альянстың кеңсесін ашу жоспарында асығыстық қылмауды ескертті. 7 ақпанда Брюссельде НАТО бас хатшысының орынбасары Роуз Геттемюллермен кездесуден соң Додон Кишиневте ашылатын альянстың байланыс кеңсесі "молдовалықтардың көпшілігіне пайда келтірмейтінін" және НАТО-ның оны ашуға асықпауы керегін мәлімдеді.

"Меніңше, мұндай кеңсенің ашылуы халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септеспейді, бұл - бұрынғы үкімет жасап кеткен арандату" деді Додон Брюссельде НАТО-ның штаб-пәтерінде.

Парламенттік басқару жүйесіндегі Молдовада құзыры шектеулі болғанмен президент заң жобасын кері қайтарып, парламентті тарату өкілетіне ие. Кишиневтегі үкіметті елдің Еуропа Одағымен интеграциясын қолдайтын партияның коалициясы бақылайды.

Додон өткен жылы президент болып сайланған кезде өзіне дейінгі басшылардың НАТО-мен және ЕО-мен тығыз байланыс орнатудағы жетістіктерін тәрк етіп, Ресеймен саяси және экономикалық байланыстарын қалпына келтіруге ниетті екенін мәлімдеген. Ол мемлекет басшысы ретіндегі шетелге алғашқы сапарын Ресейге барудан бастаған.

Геттемюлер Додонмен келіссөзін "позитивті" деп сипаттады. Бірақ ол НАТО Кишиневте байланыс кеңсесін биыл ашу жоспарын іске асыруға ниетті екенін айқын білдірді. Ол жаңа кеңсе бұған дейін Украина мен Ресейде ашылған кеңселерге ұқсас болатынын және онда әскерилер емес, азаматтық мамандар жұмыс істейтінін айтты.

XS
SM
MD
LG