Украинаның Донецк облысында Ресей қолдайтын сепаратистердің командирі Михаил Толстых мерт болды. Сепаратистер басшылығының және қарулы сепаратистермен байланысы бар дереккөзінің Азаттыққа телефон арқылы хабарлауынша, "Гиви" деген лақап аты бар Михаил Толстых бүгін таңғы сағат алтыда сепаратистер бақылауындағы Донецк қаласында өз кабинетінде бомба жарылысынан мерт болған.
Өзін-өзі жариялаған Донецк халық республикасының қорғаныс министрлігі Толстыхтың өлімін "Киев билігінің Украина шығысындағы тұрғындарға қарсы жүргізіп отырған террористік соғыстың жалғасы" деп атады. Жарылыс орнында тергеу тобы жұмыс істеп жатқаны хабарланды.
Михаил Толстых "Сомали" батальонының қолбасшысы болған. Ол Донецк әуежайы үшін болған кескілескен шайқастан соң белгілі бола бастаған. 2015 жылы түсірілген видеода "Гивидің" тұтқынға түскен украин әскери қызметкерлерін балағаттап, қорлап жатқаны көсретілген.
2016 жылы 16 қазанда сепаратистердің тағы бір қолбасшысы, "Моторолаә" деген атпен белгілі Арсен Павлов та Донецкіде тұрып жатқан үйінің лифтісінде бомба жарылып, қаза тапқан.
Украинаның шығысында 2014 жылдың сәуірінде Украина үкіметінің әскері мен Ресей қолдайтын сепаратистер арасындағы соғыстан 9750-ден астам адам қаза тапты.