Accessibility links

Шымкенттегі газ жарылысынан бір адам зақымданды


Газ жарылысынан қираған пәтердің есігі. Шымкент, 8 ақпан 2016 жыл.
Газ жарылысынан қираған пәтердің есігі. Шымкент, 8 ақпан 2016 жыл.

Шымкентте бүгін Теріскей шағын ауданында көпқабатты 62-үйдің бір пәтерінде газ жарылып, бір адамды күйік шалды.

Оңтүстік Қазақстан облысы ауруханасының жоғары қысымды оттегімен емдеу орталығының бөлім меңгерушісі Икрам Төлеевтің айтуынша, таңғы сағат сегіздер шамасында жеткізілген науқастың денесінің 32 пайызын күйік шалған.

"Науқастың жағдайы өте ауыр. Жан сақтау бөліміне жатыр" дейді ол.

Жарылыс таңғы сағат жетілер шамасында болған. Тұрғын үйдің үшінші қабатында орналасқан пәтерде жарылыс болған кезде онда пәтер иесінің 36 жастағы жиені жүрген. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті жарылысқа "газ плитасына түтікшенің дұрыс жалғанбауынан газ жиналып қалғаны" себеп болғанын хабарлады.

"Газ жиналған дейді. Бірақ әлі неден жарылғаны анықталған жоқ. Үйдің күл талқаны шықты" деді аты-жөнін айтудан бас тартқан пәтер иесі.

Жарылыс салдарынан ол пәтердің 2,3 және 4-қабаттардағы көршілері де зардап шеккен, үш пәтердің есігі мен терезесі жұлынған, балконы жарылған.

"Әкімдік қызметкерлері шығынның бәрін өтейміз дегендей болды. Қашан есік, тереземізді салып беретінін білмейміз. Өзіміз әлі есімізді жинай алмай отырмыз" дейді көрші пәтердегі зейнеткер Наталья Сорокина.

Бірақ Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов көпқабатты тұрғын үйдегі жарылған пәтердің көршілеріне ешбір көмек көрсетілмейтінін мәлімдеді.

Шымкентте жыл басынан бері осымен екінші рет үйде жарылыс болып отыр. Қаңтардың 8-і күні 18-шағын ауданындағы жеке меншік екі қабатты ескі үйде де газ жарылып, бір адам қаза тапқан.

XS
SM
MD
LG