Accessibility links

АҚШ сенаторлары Трамптың санкцияны жою әрекетіне кедергі келтірмек


Дональд Трамп, АҚШ президенті.
Дональд Трамп, АҚШ президенті.

АҚШ-тың бір топ сенаторлары президент Дональд Трамп әкімшілігінің Ресейге Украинадағы саясаты үшін салған санкцияларды жою әрекетін қиындататын заң жобасын даярлап жатыр. Санкцияны жоюға қарсы шараларды Демократиялық және Республикашыл партияның өкілдері де қолдап отыр. Трамп Ресеймен халықаралық терроризммен, әсіресе Сириядағы исламшыл экстремистермен күрес сияқты салаларда ынтымақтастықты жақсартуға ниетті екенін бірнеше рет білдірген.

Трамп әкімшілігінің өкілдері Украинадағы жағдай мен басқа да мәселелерге қатысты Ресейдің ұстанымымен ұқсас және бұрынғы басшылықтың көзқарастарына қайшы мәлімдемелер жасаған. Конгрестің президент әкімшілігіне қатаң бақылау жасап, Ақ үй санкцияны жоюға талпынған жағдайда оған вето құқығын пайдалануға мүмкіндік беретін жаңа заңнаманы қолдайтын топ құрамында демократ сенатор Бен Кардин мен республикашылдар өкілі Линдсей Грэхем бар.

Бұрынғы президент Барак Обама Ресей 2014 жылы Украинадан Қырымды аннексиялап алған соң ресейлік бірқатар шенеуніктің активтерін бұғаулап, олардың АҚШ-қа сапарлауына тыйым салған.

АҚШ, Украина мен Еуропа Одағы Мәскеу Украина шығысындағы сепаратистерді қолдап отыр деп санайды. Ресей мұны жоққа шығарады. Донбаста қақтығыс басталғалы бері 9750-ден астам адам қаза тапты.

XS
SM
MD
LG