Нигерия жағалауында қарақшылар жүк кемесіне шабуыл жасап, Ресейдің жеті азаматы мен бір украиндықты ұрлап әкетті.
Ресейдің Нигериядағы елшілігі мен Украина сыртқы істер министрлігі 8 ақпанда Нигерия билігімен "BBC Caribbean" сауда кемесінен ұстап әкетілгендердің қайда екенін анықтау жұмыстарын жасап жатқанын хабарлады.
"Қарулы қарақшылар кемеге қайықпен келіп, экипаж мүшелерін ұстап Нигерия жағалауларына қарай кеткен" деді кемеге иелік ететін Санкт-Петербургте орналасқан Briese Schiffahrts компаниясының директоры Павел Федулов.
Қауіпсіздік саласының мамандары Батыс Африка жағалауларындағы теңіздер әлемдегі ең қауіпті аймақтардың бірі екенін айтады. Мұнда кемемен жүретін қарақшылар мұнай танкерлерін жиі басып алып, теңізшілерді кепілге алу оқиғалары көп болады.
Нигерия әскери -теңіз күштері 8 ақпанда елдің теңіз жағалауларында болған өзге бір қарақшылық шабуылдан мұнай танкері мен оның 21 теңізшісін құтқарғанын хабарлады.