Accessibility links

Абаев: Телеарна журналистерінің кәсіби біліктілігі төмен


Дәурен Абаев, ақпарат және коммуникация министрі

Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев социологиялық сауалнама мәліметтеріне сүйеніп, қазақстандық көрермендердің "журналистердің кәсіби дайындық деңгейіне көңілдері толмайтынын" мәлімдеді.

Астанада бүгін миинстрліктің кеңейтілген алқасында сөйлеген Абаев билік жүргізген сауалнамаға жауап бергендердің көпшілігі қазақстандық телеарналарда жарнаманың тым көп берілетініне, жергілікті тақырыптардағы телеөнімдердің, танымдық бағдарламалардың аздығына журналистер біліктілігінің төмендігіне шағымданған. Министр сауалнаманың қашан және қай қалаларда жүргізілгенін, оған қанша респондент жауап бергенін айтпады.

"Телеарналар тыңғылықты түрде ойланып, көрермендер көңілін жаулау шараларын жасауы керек" деді Абаев. Ол бұл мәселені шешуде толық метражды картиналар түсіріп, телеарна қызметкерлері жұмысының тиімділігін бағалау жүйесін енгізуді, қызметкерлерді іріктеуді жетілдіруді және хабар тарату аймағын кеңейтуді ұсынады.

Өткен жылы желтоқсанның басында парламент депутаттары Абаевқа Қазақстан телеарналарын "ешкім көрмейтінін" айтып шағымданған. Мәжілістегі үкімет сағатында депутаттар жергілікті БАҚ-та сараптама мен журналистік зерттеудің аздығын айтқан. Министр Абаев ол кезде депутаттарға министрлік "жергілікті БАҚ-ты қолдау үшін стимул беретін механизмдер даярлағанын" айтқан.

Ақпарат және коммуникация министрлігі дайындаған БАҚ туралы заңға түзетулер енгізу жобасы парламент биыл мамырда түседі деп жоспарланған. Құқық қорғаушылар мен кейбір журналистер бұл жобаның кейбір нормаларын "БАҚ саласының дамуына кері әсер етіп, баспасөз еркіндігі жағдайын нашарлатады" деп атап, алаңдаушылық білдірген. Олар шектеу шаралары ретінде жеке бас, медициналық, банктік және басқа да құпияларды жариялауға жазбаша рұқсат сұрау туралы бапты атаған.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG