Accessibility links

Ақтөбеде «терроризм туралы жалған хабар таратушының» соты басталды


"Терроризм туралы жалған хабар тарату" айыбымен сотқа тартылған Жақсылық Батановтың соты. Ақтөбе, 9 ақпан 2017 жыл.
"Терроризм туралы жалған хабар тарату" айыбымен сотқа тартылған Жақсылық Батановтың соты. Ақтөбе, 9 ақпан 2017 жыл.

Ақтөбе қалалық соты «терроризм актісі туралы жалған хабар таратқан» 69 жастағы зейнеткер Жақсылық Батановтың ісін қарай бастады. Ол азамат қылмыстық кодекстің 273-бабы бойынша айыпталған.

Мемлекеттік айыптаушы Асылхан Сәрсеновтің сөзіне қарағанда, Жақсылық Батанов 2016 жылғы 11 қараша күні өз үйінен Ақтөбе қалалық электр желілері мекемесіне – «Энергосистема» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне хабарласып, ғимаратқа бомба қойылғанын айтқан.

«Жақсылық Батанов өзі бұрын еңбек еткен ұжымға өкпелі болған, әрі ол терроризм актісі туралы хабарлар алдында ішімдік ішкені де анықталды. Сөйтіп ол 5 маусымдағы шабуылдың үрейі сейілмеген қаланы дүрліктірді» деді прокурор.

Жақсылық Батанов өзіне тағылған айыпты толық мойындайды. Оның айтуынша, былтыр 11 қараша күні электр желілері мекемесіне ескі таныстарын іздеп хабарласқанда «жарылғыш зат туралы сөз аузынан аңдаусызда шығып кеткен». Судья Аслан Мұқанов оған: «Бала емессіз, жоғары білімді адамсыз. Сіз мұның ауыр қылмыс екенін білуіңіз керек еді» деді.

Терроризм актісі туралы хабар тие салысымен оқиға орнына жергілікті полицияның 43 қызметкері 16 техникамен жеткен. Одан бөлек төтенше жағдайлар департаменті, апат медицинасының мамандары да барған. Аталмыш мекеме басшылары айыпталушыдан жалпы сомасы 400 мың теңгеге жуық шығынды өндіріп беруді талап етіп отыр.

XS
SM
MD
LG