Accessibility links

AI Астананы "әлеуметтік желілерге шабуылын" тоқтатуға шақырады


Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымының логотипі (Көрнекі сурет).
Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымының логотипі (Көрнекі сурет).

Amnesty International (AI) халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін "әлеуметтік желілерге бұрын-соңды болмаған шабуылын" тоқтатуға шақырды. Ұйымның "Жазба жарияламастан бұрын ойлан: Қазақстанда әлеуметтік желілердегі пікірін еркін білдіру кеңістігін жою" деп аталатын есепте Астананың "Интернет пен әлеуметтік желілердегі өзгеше ойлауды түбірімен жоюдың агрессиялық және шектен шыққан тәсілдерін барынша қолданатыны" айтылған. Құқық қорғаушылар билік заңдарды белгілі бір сайттарды бұғаулауға және оларға кіруді шектеуге, интернетті сөз бостандығы мен бейбіт түрде жиналу құқығын іске асыру үшін пайдаланған қолданушыларды әкімшілік және қылмыстық қудалауға пайдаланып отыр дейді.

"Қазақстандағы тәуелсіз БАҚ іс жүзінде тұншықтырылған, бірақ интернет ұзақ уақыт бойы сыни ой-пікірлеріңді үкіметтің цензурасыннан қорықпай білдіруге болатын салыстырмалы түрде алғандағы еркін кеңістік болып қалған еді. Енді бұлай емес" дейді Amnesty International директорының Еуропа және Орталық Азия бойынша бойынша орынбасары Денис Кривошеев. Ол қазір билік интернеттегі өзгеше ойлайтындарды аңдып, құқық қорғаушыларды қылмыстық қудалау, соттау үшін әлеуметтік желілердегі жазбаларды пайдаланады дейді.

AI есебінде атыраулық азаматтық белсенділер, өткен жылы "жер реформасына қарсы" митингілерден соң ұсталып, "алауыздық тудырды" деп және басқа да айыптар бойынша бес жылға сотталған Макс Боқаев пен Талғат Аянның ісіне тоқталады. AI Боқаев пен Аянды өздерінің ой-пікірін еркін білдіру және бейбіт жиын өткізу құқықтарын пайдаланғаны үшін ғана бас бостандықтарынан айырылған ар-ұждан тұтқыны деп санайды.

Ұйым өткен жылы көктемде Қазақстанда "жер реформасына" қарсы 21 мамырға жоспарланған жалпыхалықтық митинг қарсаңында әлеуметтік желіде митинг туралы жазғандардың жаппай ұсталғанын да еске салады. "Тұтқындалғандар тек әлеуметтік желілерде 21 мамырдағы қарсылық акциясына қатыспақ ниеті барын, я митинг туралы қолдап қана пікір жазған" делінген есепте.

Құқық қорғаушылар билік Қазақстанды "ақпараттық қоғам" ретінде көрсетуге талпынып жатқанына қарамастан "заң арқылы және іс жүзінде интернеттегі ақпаратқа негізсіз шектеу енгізгенін" айтады. Осының салдарынан қолданушылардың көпшілігі аңдудан сақтану үшін немесе бұғатталған контентке қол жеткізу үшін интернеттегі материалдарды виртуалды жеке желілер арқылы алады дейді.

Amnesty International есебінде Қазақстан билігін азаматтардың ой-пікірін еркін білдіру құқығын құрметтеп, билікті сынайтындардың үнін өшіруге және бейбіт демонстранттарды түрмеге жабуға қолданылатын әкімшілік және қылмыстық кодекстерге өзгерістер енгізуге шақырады.

XS
SM
MD
LG