Accessibility links

Прокуратураның өзін-өзі өртеген экс-қызметкері 3,5 жылға сотталды


Айыпталушы Лейла Смадьярова Атырау қаласындағы №2 қылмыстық сотында отыр. 7 ақпан 2017 жыл.
Айыпталушы Лейла Смадьярова Атырау қаласындағы №2 қылмыстық сотында отыр. 7 ақпан 2017 жыл.

Атырау облысы прокурорының бұрынғы көмекшісі Ләйла Смадьяроваға сот үкімі шықты.

Атырау қалалық №2 қылмыстық істер сотының судьясы Эльмира Ойқұлова оны қылмыстық кодекстің 24-бабының 3,4-бөліктері, 366-бабының 1,2,3,4-тармақтары бойынша ("пара боспалау және алу" әрекетінің бес эпизоды бойынша) айыпты деп тауып, әуелі 7 жылға бас бостандығынан айыру, бірақ рақымшылық туралы заңды қолданып, жазасын 3 жыл 6 айға дейін азайту туралы үкім кесті.

Атыраудағы сот үкімі
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:02:33 0:00

Судья сотталушының мүлкін тәркілеп, өмір бойы құқық қорғау органдарында қызмет істеу құқығынан айыру, жазасын жалпы режимдегі колонияда өтеуге үкім етті. Сот үкімі бойынша, жаза мерзімі Смадьярова қамауға алынған күн - 2 ақпаннан бастап есептеледі, ал ол үйқамақта отырған өткен жылдың тамызынан бергі уақытындағы әр екі күні қамаудағы бір күн деп есептеледі.

Сот сонымен қатар Ләйла Смадьярованың кәмелетке толмаған екі баласы (1 және 11 жаста) барын ескеріп, оларды туыстарының қарауына беру жайы шешілгенше қамқоршылық органдардың құзырына өткізу туралы үкім шығарды.

Адвокаты Игорь Вранчев Азаттыққа Ләйла Смадьярова да, өзі де сот үкімімен келіспейтінін, оған шағымданатынын айтты.

Бұрынғы прокурор көмекшісі, кіші әділет қызметкері, 37 жастағы Ләйла Смадьярова 31 қаңтар күні Атырау облыстық прокуратура ғимаратының алдында өзін өртеп жібермек болған. Ол Азаттыққа мұндай әрекетке өз үстінен қозғалған қылмыстық іс әділ тексерілмейді деген оймен шарасыздықтан барғанын айтқан.

Смадьярова 2016 жылдың тамызында жұмыстан шеттетіліп үйқамаққа алынған, биыл 2 ақпанда қамалған.

XS
SM
MD
LG