Астанада 15-16 ақпанда өткізу жоспарланып отырған Сириядағы жанжалды реттеу жөніндегі келіссөздерге Сирия үкіметі, қарулы оппозиция өкілдері, сонымен бірге БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы өкілі Стаффан де Мистура және АҚШ бақылаушылары ресми түрде шақырылған.
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде Астанадағы келіссөздердің негізгі тақырыбы атысты тоқтату режимін сақтау және Сирияның кей аудандарындағы жағдайды тұрақтандыру бойынша нақты шараларға арналатыны айтылған.
Келіссөздерге Сирия президенті Башар Асадтың режимін қолдайтын Ресей және сириялық көтерілісшілерді жақтайтын Түркия арағайын болып отыр.
Сирия жанжалын реттеу бойынша БҰҰ аясында Женевадағы келіссөздердің жаңа кезеңін ақпанның 20-сында өткізу жоспарланған.