Accessibility links

Еуропа киноакадемиясы Ресейді Олег Сенцовты босатуға шақырды


Украиналық режиссёр Олег Сенцов сот кезінде. Дондағы Ростов, Ресей, 25 тамыз 2015 жыл.
Украиналық режиссёр Олег Сенцов сот кезінде. Дондағы Ростов, Ресей, 25 тамыз 2015 жыл.

Берлинале кинофестивалінде ақпанның 11-і күні Ресейде 20 жылға сотталып, түрмеде отырған украиналық режиссер Олег Сенцов туралы фильм көрсетілді. Еуропалық киноакадемия Ресей билігін украин кинорежиссеріне бостандық беруге шақырды. Академия төрағасы Агнешка Холланд қамауда отырған Сенцовты саяси қуғын құрбаны деп атады. Сенцовтың соты туралы ресейлік режиссер Аскольд Куров түсірген "Процесс" деректі фильмі кинофестивальдің Berlinale Special арнайы бағдарламасы аясында көрсетілген.

Берлинале кинофестивалінде Олег Сенцовты қорғау акциясы жыл сайын өткізіледі. 2016 жылы мұндай акцияны Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы, германиялық және Еуропа киноакадемиялары ұйымдастырып өткізген. 2015 және 2014 жылдары Берлиндегі өнер академия Олег Сенцовты тұтқында ұстауға қарсы наразылық білдірген.

2015 жылы тамызда Ресейдің Дондағы Ростов қаласында әскери сот украиналық кинорежиссер Олег Сенцовты "Қырым аумағында террорлық қауымдастық құрғаны" үшін 20 жылға бас бостандығынан айырып, жазасын қатаң тәртіптегі колонияда өтеуге үкім шығарған. Кинорежиссер өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеген. Осы іс бойынша айып тағылған белсенді Александр Кольченконы сот 10 жылға қатаң тәртіптегі колонияға қамаған.

Ақпанның 6-сы күні Ресей түрмедегі ол екі тұтқынды Украинаға беруден кезекті рет бас тартып, "олар Ресей азаматтары" деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG