Accessibility links

Пхеньян кезекті зымыран сынағын өткізген


Солтүстік Кореяның Мусудан әскери зымыраны.
Солтүстік Кореяның Мусудан әскери зымыраны.

Солтүстік Корея ақпанның 12-і күні кезекті мәрте баллистикалық зымыран сынағын өткізді деп хабарлайды Оңтүстік Корея әскерилері. Олардың дерегі бойынша, зымыран Жапон теңізінің шығыс бөлігіне қарай 500 шақырымдай қашықтыққа ұшырылған.

Пхеньянның зымыран сынағын өткізгені туралы ақпаратты Пентагон өкілі де растаған. Бұл АҚШ-та президент Дональд Трамп қызметіне кіріскелі бері Солтүстік Корея іске асырған алғашқы зымыран сынағы. Және бұл сынақ жапон премьері Синдзо Абэнің АҚШ-қа сапары кезінде жасалып отыр. Осының қарсаңында Абэмен бірге өткізген баспасөз мәслихатында Трамп солтүстік кореялық биліктің ядролық қару сынағын сынап, «Америка ұлы одақтасы Жапонияны толық қолдайды» деп мәлімдеген.

Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын қаңтардың басында теледидар арқылы жасаған үндеуінде Пхеньян құрлықаралық баллистикалық зымыран құрастыруды аяқтауға жақын деп мәлімдеген.

Пхеньян зымыранның нақты қандай түрін сынақтан өткізгені туралы әзірше ақпарат жоқ. Оңтүстік Кореяның Yonhap ақпарат агенттігі ел әскерилері бұл орта қашықтыққа арналған Мусудан зымыраны болуы мүмкін деген болжам айтып отырғанын хабарлады.

Ақпанның басында Оңтүстік Кореяға сапары кезінде АҚШ қорғаныс министрі Джеймс Мэттис АҚШ өз одақтастарына Солтүстік Корея тарабынан кез келген ядролық шабуыл әрекетіне «жойқын жауап» беретін болады деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG