Accessibility links

Түркіменстан президентін сайлап жатыр


Ашғабаттағы сайлау учаскесінде дауыс беріп жатқан адамдар. 12 ақпан 2017 жыл.
Ашғабаттағы сайлау учаскесінде дауыс беріп жатқан адамдар. 12 ақпан 2017 жыл.

Түркіменстан азаматтары бүгін президент сайлауына дауыс беріп жатыр. Ресми ақпарат бойынша, елдегі 2,5 мыңнан астам сайлау учаскесінде таңертеңгі сағат жетіде басталған дауыс беру сағат 19-ға дейін жалғасады.

Сайлау учаскелері ашылған соң төрт сағаттан кейін жарияланған ресми ақпаратта тізімдегі 3,2 миллионнан аса сайлаушының 51 пайыздан астамы дауыс бергені хабарланды.

Бүгін сайлау учаскесінде дауыс берген ел президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов: «Миллиондаған адам конституциялық құқығын пайдаланып еркін білдіріп жатыр. Ол болашақ алдындағы ұлы жауапкершілігін сезінеді және жоғары мемлекеттік лауазымға алдағы жеті жылға лайықты кандидатқа дауыс береді» деп мәлімдеген.

Биылғы президент сайлауына тоғыз адам түсіп жатыр. Талдаушылар Түркіменстанды тұңғыш президент Сапармұрат Ниязов қайтыс болған 2006 жылдан бері басқарып отырған 59 жастағы Гурбангулы Бердімұхаммедовтің бұл жолы да жеңіске жететініне шәк келтірмейді.

Түркіменстан заңына сәйкес, сайлаушылар дауысының жартысынан көбіне ие болған кандидат жеңіске жетеді және дауыс беруге қанша адам қатысқанына қарамастан сайлау заңды деп саналады.

Былтыр күзде Түркіменстан конституциясына енгізілген өзгертулер нәтижесінде президент өкілеттігі бес жылдан жеті жылға дейін ұзартылып, 70 жастан асқан азаматтарға президенттік сайлауға түсуге рұқсат етпейтін шектеу жойылған.

Халықаралық құқық қорғаушы ұйымдар президент Гурбангулы Бердімұхаммедовті Түркіменстанда адам құқықтары мен бостандықтарын таптап, жеке басқа табынатын жүйені нығайтып жатыр деп сынайды.

XS
SM
MD
LG