Ресейлік оппозиционер Алексей Навальный ақпанның 12-і күні Мәскеуде "Солидарность" бірлескен демократиялық қозғалыс съезінде сөйледі. Ол "Кировлес" ісі бойынша өзін айыпты деп таныған сот үкімі шыққанына қарамастан 2018 жылы өтетін Ресей президенті сайлауына түсу ниеті туралы тағы да мәлімдеген.
Өз сөзінде Навальный қазір Ресейде де Түркіменстан, Өзбекстан, Қазақстандағы тәрізді, барлық постсоветтік елдердегідей (Балтық елдері мен Украинадан өзге) жағдай қалыптасқаны - "билікті ұлт байлығын талан-таражға салған азғана топ басып алғаны" туралы айтқан.
Навальный мемлекет басшысы болған жағдайда бірінші кезекте елдегі саяси тұтқындарды босатып, Мемлекеттік думаның кезектен тыс сайлауын тағайындайтыны туралы айтқан. "Солидарность" съезінде алдағы Ресей президенті сайлауында Алексей Навальныйға кандидат ретінде қолдау білдіру туралы шешім қабылданған.
Ақпанның 8-і күні Киров қаласының соты "Кировлес" ісін қайта қарап болған соң Алексей Навальныйға бес жыл шартты жаза тағайындаған. Үкіммен келіспейтін саясаткер оған қарсы Еуропалық адам құқығы туралы сотқа шағым түсіретіні туралы мәлімдеген.
Жексенбі күні "Солидарность" съезінде сөйлеген бірлескен демократиялық қозғалыстың федералдық саяси кеңесінің мүшесі Илья Яшин Ресейде кең көлемді қарсылық қозғалысын құру үшін аймақтарда саяси белсенділік қажеттігі туралы мәлімдеген. Сонымен бірге ол Мәскеуде Борис Немцовты еске алу шеруі өтеді деп сенетінін айтқан. Бұған дейін бастамашы топ Мәскеу мэриясына ақпанның 26-ы күні акция өткізу туралы өтініш тапсырған. Ресейлік оппозициялық саясаткер Борис Немцовты 2015 жылы ақпанның 27-і күні кешкісін Кремль маңында қастандықпен өлтірілген.