Accessibility links

АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея мен Франция Пхеньянды айыптады


Солтүстік Кореяның картадағы территориясы.
Солтүстік Кореяның картадағы территориясы.

Франция Солтүстік Кореяның баллистикалық зымыран ұшыруын айыптап, оны БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі қарарын бұзу деп атады. Елдің сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде "Франция солтүстіккореялық ядролық және баллистикалық зымыран бағдарламасы қазір қауіпсіздігіне қатер төндіріп отырған Азия-Тынық мұхит аймағындағы әріптестерімен ынтымақтастығын тағы қуаттайтыны" айтылған.

АҚШ, Жапония және Оңтүстік Корея әскерилері ақпанның 12-і күні таңертең баллистикалық зымыран сынағын өткізгені үшін Солтүстік Кореяны жазалаудың түрлі вариантын қарастыруға әзір екендерін мәлімдеген. Оңтүстік Корея штаб басшыларының бірлескен комитеті өкілі Пхеньян ұшырған зымыран 500 шақырымдай қашықтыққа жеткені және қазір Оңтүстік Корея АҚШ-пен бірге қосымша ақпараттарды зерттеп жатқаны туралы хабарлаған. Әскерилер болжамы бойынша, Пхеньян бұл жолы орта қашықтыққа арналған Мусудан баллистикалық зымыранының жетілдірілген нұсқасын ұшырған болуы мүмкін.

АҚШ өкілдері зымыранның ұшу барысын бақылағандарын растап, оны құрлықаралық емес, қысқа немесе орташа қашықтыққа арналған зымыран деп санайтындарын айтқан. Олардың бағалауынша, зымыран АҚШ-қа қауіп төндірмейді.

АҚШ пен Оңтүстік Корея әскери өкілдерінің мәлімдемесі АҚШ президенті Дональд Трамп пен Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ Флоридада кездесіп жатқан шақта жасалды. Кездесу алдындағы қысқаша сөзінде Трамп Жапонияны "100 пайыз" қолдайтыны туралы мәлімдеген, ал Абэ зымыран ұшыруды "мүлде қабылдауға болмайтынын" айтқан.

Трамп әкімшілігі Солтүстік Корея тарапынан "арандату" болады деп күткенін және түрлі варианттардың "толық тізімі", соның ішінде қаржылай санкцияларды күшейту және аймақтағы әскери-теңіз күшін толықтыру да қарастырылатынын айтады. Бұл АҚШ-та президент Дональд Трамп қызметіне ресми кіріскелі бері Солтүстік Корея жасаған алғашқы зымыран сынағы.

XS
SM
MD
LG