БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі 13 ақпанда Солтүстік Кореяның баллистикалық зымыран сынағанын қатаң айыптады. Қауіпсіздік кеңесі егер Пхеньян зымыраны мен ядролық қаруын сынауын тоқтатпаса "жаңа шектеу шараларын" қабылдайтынын ескертті. Қауіпсіздік кеңесінің ескерту жасауына Солтүстік Кореяның 2016 жылы 19 қазанда және биыл 11 ақпанда баллистикалық зымыран сынауы себеп болды.
Қауіпсіздік кеңес мәлімдемесінде ядролық қаруды жеткізетін техниканы жасау жұмыстарының БҰҰ қарарына қайшы екені және ол шиеленісті күшейтетіні айтылады. Мәлімдемеде БҰҰ-ға мүше елдерді Қауіпсіздік кеңесі 2006 жылдан бері Солтүстік Кореяға қарсы қабылдаған санкциялар бойынша алты қарарды орындауға шақырған.
Бұған дейін БҰҰ бас хатшысы Антонио Гутерриш пен АҚШ президенті Дональд Трамп Солтүстік Кореяның сынағын қатаң сынап, Пхеньянның әрекетіне "қатаң түрде" жауап қайтаруға уәде берген. "Солтүстік Корея үлкен мәселе болып отыр" деген Трамп.
CNN-нің Пентагондағы өз дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлауынша, Солтүстік Кореяның соңғы зымыран сынақтары Пхеньянның өз баллистикалық зымырандарын біртіндеп жетілдіріп жатқанын айғақтайды. 11 ақпанда құрлықтан ұшырылған орта радиуста әрекет ететін зымыран бұрынғы сүңгуір қайықтан ұшыру үшін жасалған прототипінен әлдеқайда үлкен радиуста әрекет етеді. Зымыранның бұл түріне бірінші рет қатты отынмен жұмыс істейтін қозғалтқыш орнатылған. Бұл зымыранға жанармай құюға сұйық отынды қозғалтқышқа қарағанда әлдеқайда аз уақыт кетеді.
Солтүстік Корея өткен жылы екі ядролық жарылыс жасап, 20-дан астам зымыран ұшырған. Соңғы сынақта зымыран 500 километрдей қашықтыққа ұшып, Жапон теңізіне құлаған.