Accessibility links

Алматыда оппозициялық Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (ЖСДП) 10-құрылтайы өтіп жатыр деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Құрылтайға қатысушылардың сөзіне қарағанда, түстен кейін съезд отырысында партияның басшылық құрамындағы жасы жеткен, бірақ танымал тұлғаларды босатып, партия төралқасы мен облыстық бөлімшелердің жетекшілігіне жастарды сайламақ.

"Алматы" қонақүйінде өтіп жатқан құрылтайға партия төрағасы Жармахан Тұяқбай, партия белсенділері Зәуреш Батталова, Балташ Тұрсымбаев, Болат Әбішев, Оразалы Сәбден, облыстық бөлімшелерінің төрағалары және қатардағы мүшелерін қосқанда барлығы жүзге жуық адам қатысып жатыр. Съезге партия белсенділерінің бірі Петр Своиктің келмегені белгілі болды. Ол бұған дейін ЖСДП саясатымен келіспейтіндіктен партия қатарынан шығатынын мәлімдеген.

Құрылтайда Жармахан Тұяқбай ЖСДП-ның Қазақстандағы жалғыз оппозиция болып қалғанын айтты. Мінберге шыққандар билікті сынап "Қазақстандағы жаппай жемқорлық пен авторитаризмді", "жасанды конституциялық реформаны", ол реформаға конституцияның 26-бабының да ілінгенін сынады. Съезде сөйлегендер партияны белсендірек болуға шақырды. Болат Әбішев "ақылды билік оппозицияға сүйенуі керегін" айтты.

Оразалы Сәбден ЖСДП-ның биліктің қысымына шыдап келе жатқан жалғыз партия екенін, партия мүшелерінің барлығына қысым жасалғанын айтты. "Қазақстанды қайда алып бара жатқанын біз де білмейміз, өздері де білмейді" деді ол билікті меңзеп. Партия мүшесі Қуат Күнболатов ЖСДП-ның "жер сатуға қарсы шыққан жалғыз партия екенін" айтты.

Құрылтай өтетін орынға тексеріп кіргізді. Құрылтайға шақырылмаған белгісіз жас жігіттер съезге кіре алмай, сыртта күтіп тұрғаны байқалды.

Құрылтай түстен кейін де жалғаспақ.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG