Accessibility links

БАҚ: Ресей құпия түрде қанатты зымыран орналастырды


Ресейдің Астрахань облысындағы Капустин Яр полигонынан атылған "Искандер-М" зымыраны. 18 сәуір 2016 жыл (Көрнекі сурет).
Ресейдің Астрахань облысындағы Капустин Яр полигонынан атылған "Искандер-М" зымыраны. 18 сәуір 2016 жыл (Көрнекі сурет).

Америкалық БАҚ Ресейдің өз территориясында құпия түрде жаңа қанатты зымыран орналастырып, қарулануды бақылау жөніндегі келісімді бұзғанын хабарлады. Associated Press (AP) агенттігі мен New York Times (NYT) газеті Ресейдің өз территориясына құрлықтан ұшырылып, басқарылатын қанатты зымыран орнатқанын, мұның 1987 жылы жасалған орта және қысқа қашықтыққа ұшатын зымырандарды жою туралы келісімге қайшы екенін хабарлады.

NYT Ресейде мұндай зымырандардың екі батальоны барын және оның өткен жылдан бері қорғаныс сапында тұрған болуы мүмкін екенін жазады. АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама әкімшілігі Ресейді зымыран сынауына байланысты аталған келісімді бұзды деп айыптаған. Келісім бойынша, 500-5500 километр аралығындағы радиуста әрекет ететін баллистикалық зымырандарға тыйым салынған.

Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин келісімді АҚШ бұзып отыр деп, зымыран бағдарламасын қорғаштай мәлімдеме жасаған. Путин жаңа зымыран күш тепе-теңдігін сақтау үшін қажет деген.

АҚШ қорғаныс министрі Джеймс Мэттис бүгін Брюссльге НАТО жиынына барғанда келісімнің бұзылу мәселесін көтеруі мүмкін.

Зымыран орнату АҚШ конгресінде алаңдаушылық тудырды. Сенаттың қорғаныс істері жөніндегі комитетінің төрағасы Джон Маккейн зымыран орнатуды "АҚШ-тың Еуропадағы күші мен НАТО-дағы одақтастары үшін үлкен әскери қауіп" деп атады. Маккейн Путин зымыран орнату арқылы АҚШ президенті Дональд Трампты "сынап көргісі" келгенін көрсетеді дейді.

XS
SM
MD
LG