Accessibility links

"Ахметов ісі" бойынша сотталған тағы бір адам бостандыққа шығады


Серік Ахметовтің қылмыстық ісі қаралып жатқан сот залы. Қарағанды, 4 қыркүйек 2015 жыл.

"ҚазАгроФинанс" компнаиясының 32 жастағы қызметкері, экс-премьер Серік Ахметовтің ісі бойынша коррупция айыбымен сотталған Ерлан Қисықов бостандыққа шығады. Қарағанды облыстық соты бүгін оны бас бостандығынан айыру жазасын 190 мың теңгеден астам айыппұл төлеу жазасына ауыстырды.

Судья Светлана Миночкина сотталушы Қисықовтың үкімге апелляциялық шағымын қанағаттандырып, оны дереу босатуға қаулы қабылдады. Қисықов жазасын Қарағанды облысындағы АК-159/1 мекемесінде өтеп жатқан. Қисықов соттан жазасының өтелмеген бөлігін жазаның жеңіл түріне ауыстыруды сұраған. Бұл өтінішті Қарағанды облыстық прокурорының көмекшісі Абдақасов қолдап, Қазыбек би аудандық сотының өткен жылдың желтоқсанында Қисықовтың жазасын жеңілдету туралы өтінішінен бас тарту туралы шешіміне қарсылық білдірген. Прокурордың мәліметінше, сотталушы келтірілген шығынды толық өтеп, сот шығындарын төлеген, түрме әкімшілігі тәртібіне оң баға берген. Жәбірленуші тарап - "ҚазАгроФинанс" компаниясының өкілі Қисықовқа қатысты ешқандай материалдық талап-шағымы жоғын айтып, соттан оның шағымын қанағаттандыруды сұрады.

- Ол жаза мерзімінің үштен екі бөлігін, яғни жартысынан астамын өтеді. Қазір Ерланды қарсы алуға барамыз, - деді Азаттыққа сотталушы Қисықовтың адвокаты Александр Бартенов.

Ахметовтің коррупциялық қылмыстық ісі бойынша барлығы 21 адам, оның ішінде Қарағанды облысының бұрынғы жоғары шенді бірнеше шенеунігі "бюджет қаржысын жымқырды" деген айыппен сотталған.

Кейбір сотталушылар өткен жылы және биыл мерзімінен бұрын бостандыққа шықты. Қаңтарда экс-премьер, бұрынғы қорғаныс министрі, 2015 жылдың соңында коррупция айыбымен сотталған Серік Ахметовтің жаза мерзімі рақымшылық заңы бойынша қысқартылған.

XS
SM
MD
LG