Accessibility links

Қоғамдық ұйым: Мемлекеттік органдар сайттарында кемшілік көп


Жанна Прашкевич, DPR маркетингтік бюро өкілі. Алматы. 15 ақпан 2017 жыл.
Жанна Прашкевич, DPR маркетингтік бюро өкілі. Алматы. 15 ақпан 2017 жыл.

DPR маркетингтік бюросы жүргізген тәуелсіз зерттеудің нәтижесі бойынша, Алматыдағы кейбір мемлекеттік органдар мен коммуналдық кәсіпорындардың сайттары "Ақпаратқа қол жетімділік туралы" заңға сай келмейді. Бұл туралы бүгін, 15 ақпанда Алматыда өткен жиында зерттеу жүргізген топтың өкілі Жанна Прашкевич мәлімдеді.

Зерттеуге Алматыдағы 60-қа жуық мемлекеттік органдар мен коммуналдық кәсіпорындардың сайттары алынған.

- Сайттардың көбінде "Ақпаратқа қолжетімділік туралы заңдағы" басты 17 талап орындалмаған. Мәселен, азаматтар өз сұрақтарын қоя алмайды, мекемедегі нақты бос орындар саны туралы ақпарат жоқ. Сайттардың контентін жаңарту жылдамдығы да баяу. Кей сайттарда мекеменің жұмыс кестесі, телефоны да көрсетілмеген. Қазақ және орыс тіліндегі ақпараттардың мөлшері тең емес. Көп мекемелер жасаған жұмыстары туралы есепті уақтылы салмайды, - дейді Прашкевич.

Зерттеуге қатысқан "Төбе" қоғамдық қорының өкілі Дана Шаяхметтің айтуынша, "кей мемлекеттік органдардың сайт домені жеке тұлғаларға тіркелген. Бұған қоса мемлекеттік органдардың сайттарында ұялы телефондарға арналған қосымшасы жоқ.

Зерттеу жүргізген мамандар "Алматы транспорт холдингі, "Алматы қала жарық", "Алматы тазалық" мекемелерінің сайты жоқ" дейді.

ҮЕҰ өкілдері алдағы уақытта бұл зерттеу қорытындысын мемлекеттік органдарға жіберіп, қателіктерді түзеу жағын қарастыратындарын айтады.

XS
SM
MD
LG