Accessibility links

Атамбаев: Қырғызстанда президент сайлауы 19 қарашада өтеді


Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев Сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссия төрағасы Нұржан Шайлдабековамен кездесіп отыр. Бішкек, 15 ақпан 2017 жыл.

Қырғызстанда президент сайлауы конституциялық заңдарға сай қарашаның үшінші жексенбісінде - 2017 жылғы қарашаның 19-ында өтуі тиіс. Бұл туралы бүгін Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев Сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссия төрағасы Нұржан Шайлдабековамен кездесуінде айтты.

"Сайлауға дейінгі тоғыз айда жұмыстағы барлық кемшілік пен қателікті жойып, жаңа мемлекет басшысын әділ әрі ашық сайлауды қамтамасыз ету керек. Әділ әрі еркін сайлау ғана билікті легитимді етіп, елдегі тұрақтылыққа кепілдік береді" деді Атамбаев.

Нұржан Шайлдабекова президентті комиссияның атқарып жатқан қызметі туралы хабардар етіп, ведомство бұған дейінгі сайлауларға талдау жасап, кемшіліктерді жою және сайлауды ұйымдастыру жұмыстарын жақсарту шараларын жасайтынын айтты.

Қырғызстан заңдары бойынша, президент алты жылдық бір мерзімге ғана сайланатындықтан Атамбаев сайлауға екінші рет түсе алмайды. Бұған дейін сайлауға түсуге "Ак-Шумкар" партиясының жетекшісі, бұрынғы премьер-министр Темир Сариев, "Онугуу-Прогресс" партиясының жетекшісі Бакыт Торобаев ниеті барын мәлімдеген. Ал кеше "Ата Журт - Республика" партиясы бұрынғы премьер Омурбек Бабановты президенттікке кандидат етіп ұсынған.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG