Accessibility links

АҚШ сенаты Трамп көмекшілерінің Ресеймен байланыстарын тексермек


Митч Макконнелл (ортада), АҚШ конгресі сенатындағы республикашылдар жетекшісі. Вашингтон, 14 ақпан 2017 жыл.
Митч Макконнелл (ортада), АҚШ конгресі сенатындағы республикашылдар жетекшісі. Вашингтон, 14 ақпан 2017 жыл.

АҚШ конгресінің жетекшілері Ресей мен АҚШ президенті Дональд Трамптың негізгі көмекшілері арасындағы Трамп қызметіне кіріскенге дейінгі бірнеше ай бойғы байланыстарын тергемек.

Сенаттағы республикашылдар жетекшісі Митч Макконнелл сенаттың барлау комитеті 13 ақпанда отставкаға кеткен президенттің ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Майкл Флиннің Ресейдің АҚШ-тағы елшісі Сергей Кислякпен Трамп қызметіне кіріскенге дейінгі әңгімесі бойынша сөйлеседі деп күтіп отырғанын айтты.

Конгресс президент көмекшілерінің қызметін тексеру ниетін америкалық БАҚ Трамп пен оның жақын қызметкерлері сайлау кампаниясы кезінде "Ресей барлау қызметінің жоғары шенді бірқатар қызметкерлерімен талай рет байланыс орнатқанын" хабарлаған соң білдірді. Ақ үй Трамптың Флиннің байланыстары туралы білгенін, бірақ ол Ақ үйге Ресеймен байланысы жөнінде теріс ақпар бергенін мойындады.

Майкл Флинн Сергей Кислякпен телефонмен сөйлескенінде АҚШ-тың Ресейге қарсы санкциясы жөнінде әңгіме қозғағаны расталғанға дейін отставкаға кетпеген. Оған дейін Флинн де, вице-президент Майк Пенс те телефонмен сөйлесу кезінде санкция туралы әңгіме қозғалмағанын мәлімдеген еді.

Майкл Флинн 14 ақпанда Daily Caller басылымына 29 желтоқсанда Кислякпен әңгімеде "қызыл сызықтан атамағанын", елшімен Барак Обама әкімшілігінің Ресейге қарсы санкция аясында ресейлік 35 дипломаттың елден қуылғаны туралы ғана сөйлескенін айтқан. Сол күні Обама әкімшілігі Ресей барлау қызметіне "АҚШ-тағы президент сайлауына килікпек болып хакерлік шабуылдар жасады" деген айыппен санкция салған.

Бірақ кейін Reuters агенттігі телефондағы әңгіменің стенограммасы бойынша Флиннің Кислякті Обаманың санкциясына бұрынғыдай қарсы санкциялар салып қатқыл реакция білдірмеуді ескерткенін хабарлаған. Флинн Ресей елшісін Трамп билікке келген соң америка-ресей қарым-қатынасын жақсарту жайын кеңінен талқылаудың мүмкіндігі туатынына сендірмек болған. АҚШ санкциясы жарияланған соң Ресей президенті Владимир Путин әдеттегідей реакция білдірмейтінін мәлімдеп, есесіне Мәскеудегі АҚШ дипломаттарын Кремльдегі жаңа жылдық мерекелік шараларға шақырған.

XS
SM
MD
LG