Accessibility links

Роухани Парсы шығанағы елдерімен байланысты жақсартпақ ниетте


Хассан Роухани, Иран президенті.
Хассан Роухани, Иран президенті.

Иран президенті Хассан 15 ақпанда Роухани Оман мен Кувейтке барған бір күндік сапарында Парсы шығанағындағы көрші елдермен қарым-қатынасын жақсартуға талпынды. Роухани бұл елдерге Иран президенті болған 2013 жылдан бері бірінші рет барып отыр.

Шииттер басым тұратын Иран мен Парсы шығанағының сүнниттік мемлекеттерімен, әсіресе Сауд Арабиясымен қарым-қатынасы тым шиеленісіп кеткен. Иран мен бұл елдер Сирия мен Йемендегі қақтығыста бір-біріне қарсы жақтарды қолдайды.

Роухани Иранның әрқашан "көршілерімен тату байланыс орнатуға" тырысатынын мәлімдеп, "жүздеген жылдар бойы бейбіт өмір сүрген шииттер мен сүнниттердің бірлігін күшейтуге" шақырды. Оман басшысы Сұлтан Кабус Роуханимен ел астанасы Мускатта келіссөз өткізді. Кездесуден соң Роухани "Тегеран қашан да проблема мен жанжалды диалогпен шешуді қолдайды. Иранның әскери күші өзін қорғауға ғана бағытталған" деді. Иран президенті Йеменде бітім орнатуға, гуманитарлық көмекті ұлғайтып, саяси диалог жүргізуге шақырды. Ол "Қазір Йемен апатты жағдайда тұр және біз барлығымыз мұсылман елдері ретінде йемендіктерге көмектесуіміз керек" деді.

БҰҰ-ның мәлімдеуінше, Йемен бірнеше жылғы соғыстан аштық шегінде тұр. Иран Йемендегі азаматтық соғыста үкімет әскеріне қарсы соғысып жатқан шиит хуситтерді қолдайды. Үкімет әскерін Сауд Арабиясы басқаратын шетел коалициясы қолдайды. Коалиция Йеменде хусит көтерілісшілерінің шептеріне әуе шабуылдарын жасайды.

Иран мен Оман бұрыннан тату қарым-қатынас орнатқан.

XS
SM
MD
LG