Accessibility links

"Трибуна. Саяси қалам" газетінің Мамайға арналған тиражы шықты


Жанболат Мамай, "Трибуна. Саяси қалам" басылымының бас редакторы міндетін атқарушы.
Жанболат Мамай, "Трибуна. Саяси қалам" басылымының бас редакторы міндетін атқарушы.

Тәуелсіз "Трибуна. Саяси қалам" газетінің кезекті тиражы басылым бас редакторының міндетін атқарушы Жанболат Мамайдың қамалғанына қарамастан жарыққа шықты.

Газет журналисі Инга Иманбайдың Facebook-те жариялаған видеосында коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының тергеушілері газет редакциясын жауып, тінту кезде кеңсе техникаларын тәркілеп алып кеткеніне қарамастан газеттің кезекті санын шығара алғандарын айтты.

"Газет шықпасын деген сот шешімі жоқ. Сондықтан біз газеттің кезекті санын заңды негізде жарыққа шығардық. Жанболат Мамайдың бостандығы үшін дәл осындай табандылықпен күресеміз" деді Инга Иманбай. Ол қолына ұстап көрсеткен газеттің алғашқы беті Жанболат Мамайдың қамалуына арналған.

Үкіметтегі коррупция және басқа да қоғамдық өзекті мәселелер туралы жазып жүрген Мамай 11 ақпанда тергеу аясында екі айға қамалған. Ақпанның 10-ы күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы қызметкерлері әуелі Мамайдың үйіне, газет редакциясы мен қызметкерлерінің үйлеріне тінту жүргізіп, Мамайды қазір шетелде қуғында жүрген опозициялық саясаткер, "БТА банк" директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әблязовтің ісіне қатысы бар деген күдікпен ұстаған. Тергеу органы 28 жастағы Жанболат Мамайды "БТА банктен" ұрланған ақшаның бір бөлігінің ізін "Саяси қалам. Трибуна" газеті арқылы қаржылық операциялар жасап жасырған" деген күдікпен тергеп жатыр.

Мамай егер күдікті деп танылса, жеті жылға дейін сотталуы мүмкін.

Бірақ Жанболат Мамай өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, бұл істі өзінің журналистік қызметі мен "Саяси қалам. Трибуна" газетін жабуға бағытталған саяси астары бар әрекеті деп санайтынын мәлімдеген. Әблязов та Мамаймен ешқашан кездеспегенін айтып, жаңа айыпты "абсурд" деп атаған. Мамай қамалғанға дейін Азаттыққа өзін әлдебіреулердің аңдитыны туралы айтқан.

Осы айдың басында газеттің бір тиражы баспаханаға қарызын төлеген соң кешігіп шыққан. "Трибуна. Саяси қалам" газеті редакциясының мәліметі бойынша, басылым таралымы - 13 мың дана.

XS
SM
MD
LG