Accessibility links

Сот "Теміртау жұмысшысы" газетінің шағымын қанағаттандырмады


Олег Гусев, "Теміртау жұмысшысы" газетінің жуналисі сот алдында тұр. Қарағанды, 16 ақпан 2017 жыл.
Олег Гусев, "Теміртау жұмысшысы" газетінің жуналисі сот алдында тұр. Қарағанды, 16 ақпан 2017 жыл.

Қарағанды облыстық сотының апелляциялық алқасы жергілікті "Теміртау жұмысшысы" газетінің сот шешіміне шағымын қанағаттандырудан бас тартып, Теміртау қалалық сотының шешімін өзгеріссіз қалдырды. Апелляциялық сот бұл шешімі арқылы газет жариялаған кейбір мәліметтерін, оның ішінде "Оқжетпес-Т" заңды тұлғасы есебін көрсетіп, заңсыз ақша алып отыр" деген сөйлемді терістеуі тиіс дегенмен келісті.

Шағымданушы тарап - "Оқжетпес-Т" коммуналдық мекемесі бүгін "газетіт жауапкершіліктен босатуға еш негіз жоқ" деп,апелляциялық соттан алғашқы сот инстанциясының шешімін өзгертпеуді сұрады.

- Газет редакциясының апелляциялық шағымда келтірген дәйектерін негізсіз деп санаймыз. Сондықтан біз бұл шағымға қарсылық білдірдік, - деді "Оқжетпес-Т" мекемесінің өкілі Бақтияр Битин.

Сотта газет мүддесін қорғаған заңгер Сергей Тымченко мен журналист Олег Гусев соттан Теміртау қалалық соты шешімінің газетте шыққан мәліметті терістеуге міндеттейтін тұсын жоюды сұрады.

Теміртау қалалық соты 2016 жылы 29 қарашада мемлекеттік жүз пайыз үлесі бар коммуналдық кәсіпорны - "Оқжетпес-Т" заңды тұлғасының "Теміртау жұмысшысы" газетінің редакциясы үстінен іскерлік беделін қорғауды талап етіп түсірген азаматтық шағымын ішінара қанағаттандырған. Сот басылым редакциясы мен журналист Олег Гусевті газетте бұған дейін жарияланған мәліметтерді терістеуге міндеттеген.

Шағымға газетте 2016 жылы 15 маусымда жарияланған "Теміртаулық рэкет: "Оқжетпес-Т" коммуналдық төлемдерді заңсыз алып отыр" деген тақырыппен жарияланған мақала себеп болған. Шағымданушы мақалада "коммуналдық кәсіпорынның іскерлік беделіне нұқсан келтіретін, шындыққа сай келмейтін ақпарат пен мәліметтер бар" дейді. Сот сонымен қатар редакция мен оның журналисінен "Оқжетпес-Т" компаниясының пайдасына мың теңгеден астам ақша өндіріп беруге қаулы шығарған.

XS
SM
MD
LG