Accessibility links

ХВҚ Бішкекті сайлауға бола шығысты көбейтпеуге шақырды


Бішкекте ақша айырбастайтын жерде тұрған адамдар. (Көрнекі сурет.)

Бішкекте ақпанның 9-ы мен 15-і аралығында болған Халықаралық валюта қоры миссиясы Қырғызстан билігін президент сайлауы қарсаңындағы кезеңде бюжеттің шығыс бөлігін ұлғайтуға мәжбүрлейтін қысымға қарсы тұруға шақырды деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз қызметі.

Халықаралық қор салық түсімі болжамды межеге жетпегенімен, Қырғызстанның 2016 жылы басымды емес бағыттарға шығынды азайту және кейбір инвестициялық жобалар кезеңдерін кейінге жылжыту нәтижесінде бюджет тапшылығын жалпы ішкі өнімнің 4,5 пайызы деңгейінде ұстап қалғанын атап көрсеткен. Қор сарапшылары Қырғызстанға 2017 жылы бюджет тапшылығы көрсеткішін жалпы ішкі өнімнің 3 пайызы мөлшерінде болуын қамтамасыз ету үшін мақсатты шараларды жалғастыру қажеттігін айтады.

Миссия жетекшісі Эдвард Джемайельдің мәлімдеуінше, былтыр жария етілген бюджеттің шығыс және кіріс бөліктеріне қатысты шараларды жүзеге асыру, солардың ішінде мемлекеттік сектордағы еңбекақы қорын және тауарлар мен қызмет түрлеріне жұмсалатын шығындарды оңтайландыруды жалғастыру маңызды болмақ. Оның айтуынша, сыртқы экономикалық қысымның босаңдауымен бірге елдің экономикалық көрсеткіштері жақсара түскен, бірақ бұрынғы қалпына келтіру қарқыны баяу болып отыр.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG