Accessibility links

Шымкентте белсендіні "26-бап" жайлы жазбасы үшін полицияға шақыртты


Азаматтық белсенді Ардақ Әшімова. Шымкент, 17 ақпан 2017 жыл.

Шымкенттік азаматтық белсенді Ардақ Әшімованы жұма күні Абай аудандық ішкі істер бөліміне шақыртқан. Полицияда белсендіден әлеуметтік желілердегі "26-бапты өзгертуге қарсылығы" жайлы жазбалары туралы сұраған. Бұл туралы Азаттыққа полицияда жарты сағаттай уақыт болып, сыртқа шыққаннан кейін Әшімованың өзі айтты.

- Менімен ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Амангелді Бурханов әлеуметтік желідегі жазбаларым туралы сөйлесті. Қазақстан азаматы ретінде Конституцияның 26-бабына түзету енгізуге қарсы пікірімді өзгертпейтінімді айттым. Ол қайда жұмыс істейтінімді, кіммен тұратынымды сұрап, босатты, - деді белсенді.

Абай аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Амангелді Бурханов азаматтық белсендіні не себепті шақыртқаны туралы Азаттық тілшісінің сұрағына жауап беруге уәде еткенімен, кейін айнып қалды.

Қазақстанда конституцияға өзгеріс енгізу туралы үкімет ұсынған заң жобасында 26-баптағы "Қазақстан азаматы заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұстай алады" деген сөйлемдегі "Қазақстан азаматы" сөзін "әркім" деп өзгерту көзделген. Бұл өзгеріске қарсылық білдірушілер әлеуметтік желілерде белсенділік танытып отыр.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қаңтардың 25-і күні жасаған үндеуінде конституцияға өзгерістер енгізу мақсаты - билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу екенін мәлімдеп, заң жобасын халықтың талқылауына бір ай мерзім берілген еді.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG