Accessibility links

AI: Мамайды тұтқындау - ой-пікір еркіндігіне қысым


Жанболат Мамай сот залында тұр. Алматы, 11 ақпан 2017 жыл.
Жанболат Мамай сот залында тұр. Алматы, 11 ақпан 2017 жыл.

Amnesty International (AI) халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстанда "қаржы жымқыру" ісі бойынша "Трибуна. Саяси қалам" газеті бас редакторының міндетін атқарушы Жанболат Мамайдың тұтқындалуын "ой-пікір білдіру еркіндігін шектеуге бағытталған биліктің кезекті әрекеті" деп бағалайды. Бұл туралы халықаралық құқық қорғау ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры орынбасары Денис Кривошеев мәлімдеген.

"Қазақстан билігі өзгеше ойлайтындар дауысын тұншықтыру және тәуелсіз басылымдардан әлеуметтік желілерге шейін сыни ой-пікір алаңдарына шабуылмен бес жылдан бері дәйекті түрде айналысып келеді. Қазақстан азаматтарында көкейкесті мәселелерге байланысты түрлі пікір барын білу мүмкіндігі барған сайын тарылып отыр. Мамайды тұтқындау – ой-пікір білдіру еркіндігін шектеуге бағытталған кезекті шабуыл" деген Кривошеев.

AI билікті сынайтын мақалаларымен танылған "Трибуна. Саяси қалам" газетінің жетекшісін тұтқындауды елдегі тәуелсіз журналистерге қарсы қудалаулардың жалғасы деп атаған. Ұйым олардың қатарында Nakanune.kz сайты редакторы әрі меншік иесі Гузяль Байдалинованың, Қазақстан журналистер одағы төрағасы Сейітқазы Матаев пен оның ұлы Әсет Матаевтың істерін атаған. Қазір "ақша жымқыру" айыбы тағылып, екі айға қамауға алынған Жанболат Мамайды билік кінәлі деп тапса, ол жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін деп жазады ұйым.

"Қазақстанда ой-пікір білдіру еркіндігіне қарсы шабуылдың жалғасып отырғаны және бұған дейін билікті сынайтын БАҚ-тардың өктемдікпен жабылғанын ескерсек, Жанболат Мамайдың ісі сыни көзқарастағы журналистің үнін өшіруге тырысудың кезекті әрекеті боп көрінеді. Оның ісі халықаралық стандарттарға сәйкес әділ сотта қаралып, кінәсіздік презумпциясы қағидасы сақталуы тиіс" деген Денис Кривошеев.

28 жастағы журналист Жанболат Мамайды ақпанның 10-ы күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы қызметкерлері ұстап, сот оны екі айға қамауға санкция берген. Мамайды "БТА банктен" Мұхтар Әблязовтың кезінде ұрланған ақшаның бір бөлігінің ізін "Трибуна. Саяси қалам" газеті арқылы қаржылық операциялар жасап жасырған" деген күдікпен тергеп жатыр.

Жанболат Мамай өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, бұл істі өзінің журналистік қызметі мен "Трибуна. Саяси қалам" газетін жабуға бағытталған саяси астары бар әрекет деп санайтынын мәлімдеген. Қазір шетелде жүрген опозициялық саясаткер, "БТА банк" директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әблязов та Мамаймен ешқашан кездеспегенін айтып, жаңа айыпты "абсурд" деп атаған.

XS
SM
MD
LG