"Шекарасыз дәрігерлер" халықаралық қайырымдылық ұйымы Сирияның Идлиб провинциясындағы гуманитарлық ұйым қызметкерлері жұмыс істеп жүрген аурухананы өткен жылғы ақпанда бомбалауға Ресей мен президент Башар Асад режимінің қатысы барын көрсететін жаңа деректер алғанын айтады.
Ұлыбританияда мамандар 2016 жылғы ақпанның 15-інде Идлиб провинциясындағы Маарет әл-Нуман елді мекеніндегі аурухана дәрігерлері, азаматтық белсенділер мен жергілікті тұрғындар түсірген видео таспалары мен фотосуреттерді зерттеген. Емдеу мекемесіне жасалған әуе шабуылы салдарынан 25 адам қаза тапқан деп жазады британдық The Guardian басылымы.
Зерттеу барысында сандық форматтағы көптеген бейнетаспа мен фотосуреттер сараптаудан өткізілген.
Ресей аурухананы бомбалауға қатысы барын жоққа шығарады.
"Шекарасыз дәрігерлер" ұйымы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің арағайындығымен халықаралық тергеу жүргізілуін талап етіп отыр. "Шекарасыз дәрігерлер" ұйымының франциялық бөлімшесінің басшысы Мего Терциан британдық Forensic Architecture компаниясы мамандары жасаған қорытынды «100 пайыздық айғаққа» жатпаса да, ол қорытынды «ештеңе жоқтан жақсы» деп мәлімдеген.
«Біз шындыққа қол жеткізуді қалаймыз. Оған қол жеткізу қиынға соғады, бірақ сонда ғана қылмыс жасағандарды әшкерелеуге болады» деген Терциан.