АҚШ президенті Дональд Трамп елдегі либералдық бағыт ұстанатын ірі бұқаралық ақпарат құралдарын "менің дұшпаным емес, Америка халқының жауы" деп атаған. Twitter әлеуметтік желісіндегі парағында ол The New York Times газетін және NBC, ABC, CBS мен CNN телеарналары туралы "жалған жаңалықтар медиасы" деп жазған.
Трамп бұған дейін де америкалық кей баспасөз құралдарына, мәселен, CNN телеарнасына сын айтқан. АҚШ президенті қызметіне ресми кіріскеннен кейін өткізген алғашқы баспасөз мәслихатында Трамп "жалған хабар таратады" деген уәжбен CNN телеарнасы тілшісінің сұрағына жауап беруден бас тартқан.
Бейсенбі күні Ақ үйдегі баспасөз мәслихаты кезінде Трамп ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша кеңесшісі болған Майкл Флиннің отставкаға кетуі туралы "шындыққа жанаспайтын хабар таратты" деп баспасөз құралдарын тағы да сөккен. БАҚ Трамптың сайлау штабының қызметкерлері өткен жылғы сайлауалды кампания кезінде Ресей өкілдерімен байланыс орнатқан болуы ықтимал деп жазған еді. Трамптың сөзінше, баспасөз құралдары Ақ үйден заңсыз жолмен алған құпия мәліметті алып таратқан.
Майкл Флинн АҚШ-тағы Ресей елшісі Сергей Кислякпен өткен жылғы желтоқсанда телефонмен сөйлескені туралы АҚШ вице-президентіне қате ақпарат бергенін мойындаған соң ақпанның 13-і күні президенттің ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі қызметінен отставкаға кеткен. Оның Ресей елшісімен әңгімесінде Ресейге салынған санкцияларды алу мәселесі де қозғалғаны туралы БАҚ хабарлаған еді.