Сирида үкіметі әскері Дамаск қаласының солтүстік-шығысында қарулы оппозиция күштерін атқылаған. Сириялық құқық қорғаушылардың ақпараты бойынша, соның салдарынан тоғыз адам қаза тапқан.
Өткен жылы желтоқсанда Ресей мен Түркияның арағайындық етуімен және БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі мақұлдаған Сириядағы қарулы жанжалға қатысушылар арасындағы атысты тоқтату режимі жарияланған еді. Ол содан бері бірнеше мәрте бұзылды.
Сирия жанжалын тоқтату жөнінде БҰҰ аясындағы келіссөздер ақпанның 23-і күні Женевада басталмақ. Оған Сирия үкіметі мен көтерілісшілер өкілдері қатысады деп жоспарланған.
Сириядағы азамат соғысы 2011 жылдың наруызынан жалғасып келеді. Үкімет армиясы қарулы оппозиция топтарымен күресіп жатыр. АҚШ бастаған ондаған мемлекеттердің коалициясы «Ислам мемлекеті» экстремистік тобына қарсы арнайы операция жүргізіп жатыр. БҰҰ деректері бойынша, Сирияда қарулы жанжал басталғалы бері 300 мыңнан астам адам қаза болған.