Ирак әскері "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымы басып алып, өз астаналары етіп жариялаған стратегиялық Мосул қаласының маңындағы оннан астам елді мекенді азат еткенін мәлімдеді. Мосулды азат ету операциясын жүргізіп жатқан АҚШ қолдайтын күштердің әскери іс-қимылдарды күшейтіп, әуежайға қарай жылжуы содырлар тегеурінді қарсылық көрсетіп жатқан тұста болып отыр.
19 ақпанда Ирак премьер-министрі Хайдар әл-Абади содырларды олардың шептерінен ығыстырудың келесі кезеңі басталғанын жариялаған. "Біз Ниневияға, Мосулдың батыс бөлігін азат етуге барамыз" деді Абади Мосул орналасқан Ниневия провинциясын еске салып.
Ирак әскері АҚШ авиациясы мен күрдтердің әскериленген отрядтарының қолдауымен ИМ-қарсы операцияны 2016 жылы қыркүйекте бастаған. Бірақ содырлардың АҚШ қолдайтын күштерге қатты қарсылық танытуынан біріккен күштер Тигр өзенінің шығыс жағалауына бірнеше аптаға созылған ұрыстан соң ғана жете алған.
19 ақпанда армия қолбасшысы федералдық полиция бөлімшелері басқаратын әскердің Мосулдың оңтүстігіндегі елді мекенді, оның ішінде Атбах елді мекенін басып алғанын және әуежайға жақындап қалғанын мәлімдеген.