Accessibility links

"Балқаштық терроршылар" ісі бойынша сотталғандар үкімге шағымданды


"Балқаштық терроршылар" ісі бойынша үкім оқылып жатқан сәт. Қарағанды, 9 желтоқсан 2016 жыл.
"Балқаштық терроршылар" ісі бойынша үкім оқылып жатқан сәт. Қарағанды, 9 желтоқсан 2016 жыл.

2016 жылы желтоқсанда теракт жасады деген айыппен ұзақ мерзімге сотталған Қарағанды облысы Балқаш қаласының сегіз тұрғыны апелляциялық шағым берді. Бұл шағымды 21 ақпанда Қарағанды облыстық сотында қаралады деп белгіленді. Сотталғандардың кейбірі сот үкіміне бірден шағымданбаған. Бұған дейін айыптылардың алтауы өздеріне тағылған айыптарды мойындайтыны хабарланған еді.

"Балқаш ісі" бойынша сотталғандар арасында сот радикалдық топтың жетекшісі деп танып, 14 жылға соттаған Бауыржан Спанбетов пен Ерлан Үсенов, "топ мүшелері" деп танылып, 12 жылға сотталған Кеңес Ташмұхамбетов, ағайынды Думан және Қайыр Үсеновтер, 11 жылға сотталған Мұрат Махмұтов, 10 жылға сотталған Нұрбол Қалашбаев пен Бақытжан Әбдіқошов бар. Жабық режимде өткен алғашқы сот инстанциясы сегіз сотталушының да "заңсыз немесе қылмыстық жолмен тапқан" дүние-мүлкін тәркілеуге шешім шығарған. "Балқаштық террористер" ісіне қатысты ақпараттардың көп бөлігі ашылмады. Журналистер сотқа үкім жарияланған кезде ғана кіргізілді.

Балқаштың сегіз тұрғыны 2016 жылғы маусымда өзге тұтқындау оқиғалары тұсында ұсталды. Арнайы қызмет әлдебір заттарды жасыру үшін терроршылар деп болжанған адамдар Балқаш қаласы, Гүлшат ауылы және Балқаш станциясы маңында дайындаған төрт орын табылғанын хабарлаған болатын. Әлгі орындардан қару-жарақ, оқ-дәрі және қолдан жасалған жарылғыш заттардың бөлшектері, химиялық заттар, жарылысты іске қосатын құралдар, металл шыбықтар табылған. Күдіктілерді ұстау кезінде "террористердің" бірі тұратын үйдің шатырында жарылғыш құрылғы іске қосылып, ол адам жарақаты салдарынан өлген.

Сегіз сотталушыны "террорлық топ құрып, оған мүше болды", "адам өміріне қастандық жасамақ болды", "атыс қаруын, оқ-дәрі мен жарылғыш заттарды заңсыз сақтады", "заңсыз қару жасады" деп айыпты деп танылды. Тергеу болжамынша, "балқаштық терроршылар" ісі бойынша айыпталғандар Сирияға кетіп, террористік актілер жасауға қатысуды ұйғарған, Қазақстанда террористік актілер дайындаған және Балқаш қаласындағы ресейлік әскери бөлімге шабуылдауды жоспарлаған.

XS
SM
MD
LG